Астанада сенбі, 23 ақпан күні жыл сайынғы "Бұрқасын – 2019" қысқы фестивалі өтеді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Шараға демалысын көңілді өткізгісі келетін барлық қала тұрғыны мен қонақтары қатыса алады. Жиналғандар шана, шаңғы теуіп, хоккей мен қысқы футбол ойнайды.
"Бұрқасын" фестивалі ақпан айының соңғы демалыс күндерінде Есіл өзенінде ұйымдастырылады. Осы шарамен Астанадағы қысқы маусым жабылады.
Белсенді өмір сүру салтын және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шараны Мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастырады.
Фестиваль аясында қысқы ойын-сауықтардан басқа жарыстар да өткізіледі. Ал жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен медальдар табысталады. Додаға қатысушылар 8 спорт түрінен шеберлік байқасады. Атап айтқанда, шаңғы жарысы, гір көтеру спорты, армрестлинг, шайбалы хоккей, белбеу күресі, қысқы шағын футбол, арқан тарту және мотоспорт. Әр жарыстың қорытындысы бойынша 1, 2, 3-орын орындардың иегерлері анықталады.
Жарыстарға денсаулығына қарай барлық ниет білдірген адамдар қатыса алады. Тіркелу үшін жеке куәлік қажет. Қатысушылардың жеке спорттық керек-жарақтары болуы керек, қажет болған жағдайда, оны жалға алуға болады.