Халықаралық шараға 42 мемлекеттен 2 мыңнан астам адам қатысуда.
Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің және Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) ұйымдастыруымен жыл сайын өткізілетін "Еуразия апталығы" форумының ашылуына ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
"Еуразия апталығы" мемлекеттік сектор мен бизнес-қауымдастықтар арасындағы байланысты арттырып қана қоймай, алдағы уақыттағы интеграциялық үдерістерді де нығайта түспек. Мәселен, форумға Қазақстан атынан негізгі қызметі экспортқа бағытталған 80-ге жуық компания қатысуда. Олардың өзаратиімді байланыстар орнатары анық. Бүгінде Қазақстанда ЕАЭО елдерімен 8 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Меніңше, бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш. Біз осынау тізімнің одан әрі кеңейе түскенін қалаймыз", - деді Бақытжан Сағынтаев "Еуразия апталығы" халықаралық форумының ашылу салтанатында.
Бұл форум - ЕАЭО құрамына енетін мемлекеттердің экспорттық және инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын тиімді коммуникациялық алаң. Елордадағы биылғы форумға ЕАЭО және ТМД мемлекеттерінен бөлек, Оңтүстік Шығыс Азия және Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс, Еуропа және Солтүстік Америка елдерінің өкілдері қатысуға қызығушылық танытқан.
"Еуразия апталығының" бағдарламасына ЕАЭО нарығы үшін стратегиялық маңызы зор, экономиканың 13 саласын қамтитын 30 шара еніп отыр. Форум аясында өтетін панельдік талқылауларда, семинарлар мен "дөңгелек үстел" шараларында 17 елден 300-ден астам спикер сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салады деп күтілуде.
Форум аясында ЕАЭО елдері мен Еуразиялық экономикалық комиссия алдағы уақытта қандай бағытта жұмыс істеп, нақты қандай қадамдарға жасау керектігін талқылайды. Әр саланың білікті сарапшылары Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде және Еуразия аумағындағы өзге де мемлекеттерде бизнесін дамытуға бейілді кәсіпкерлердің сауалдарына жауап береді. Бір сөзбен айтқанда аталған форум - жаңа мүмкіндіктерді паш етіп, әлеуетті технологияларды таныстыруда және ортақ проблемалардың түйінін тарқатуда таптырмас алаң.
"Еуразия апталығы" аясында ұйымдастырылатын негізгі шаралардың бірі - ЕАЭО елдері губернаторларының саммиті. 25 тамызға жоспарланған саммитке Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь және Армения мемлекеттерінің 20-дан астам өңірінің басшылары қатысады деп күтілуде. Онда өңіраралық кооперация мәселелері қаузалмақ. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар форум қатысушылары үшін В2В форматында келіссөздер өткізуге барынша қолайлы жағдай жасаған. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аумағында өтіп жатқан "Еуразия апталығы" үш күнге созылмақ.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың мамыр айында ЕАЭО-на мүшіне бес елдің премьер-министрлері "Еуразия апталығы" халықаралық форумын өткізу туралы келісімге келген еді. Алғашқы форум былтыр Ресей астанасы Мәскеуде ұйымдастырылды. Астана бұл форумды екінші болып өткізуде.