Астанада Есіл өзенінде ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне орайластырылған "Қыс өрнегі" шаңғы фестивалі өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елорда әкімдігінің қолдауымен 17-ші рет ұйымдастырылған дәстүрлі шараға ұлттық спорт федерациясының өкілдері, оқушылар мен студенттер, мемлекеттік құрылымдардың, кәсіпорындардың қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты. Шараға қатысуға 1000 жуық адам өтінім берген. Ең кішкентай қатысушының жасы 11-де, ең үлкені - 60 жаста.
Шаңғы фестивалін елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашты. Қатысушылар 1 км және 3 км қашықтықта күш сынасты. Бұдан басқа, гір көтеру, армрестлинг, шағын футбол, балық аулау, арқан тарту, белдікпен күрес, хоккей, мотокросс сайыстары өткізіліп, сондай-ақ Ұлыбритания, Үндістан, Пәкістан, АҚШ пен ОАР елшіліктері мен шетелдік ұйымдардың қатысуымен крикет ойыны ойнатылды.
Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Самат Қабдуллин атап өткендей, жыл сайын "Қыс өрнегі" шарасына қатысушылар саны артып келеді.