Астанадағы "KazAgro/KazFarm-2016" көрмесіне 30 астам елден 250 компания қатысып жатыр

1024

Астанадағы "KazAgro/KazFarm-2016" көрмесіне 30 астам елден 250 компания қатысып жатыр

Бүгін Астанада "ExpoGroup" халықаралық көрме компаниясының ұйымдастыруымен ауылшаруашылық көрмесі басталды, деп хабарлайды BNews.kz.

Үш күнге жалғасатын көрме биыл 7-ші рет ұйымдастырылып отыр. Әлемнің 20-дан астам елінен 250 компания тек қана ауылшаруашылығына арналған тауарлар, жем-шөп, техникамен қатар сүт өнімдері, дәнді-дақылдарды көрермен назарына ұсынады.

"KazAgro/KazFarm-2016" көрмесіне отандық компаниялармен қатар шетелдік тауар өндірушілері де көптеп қатысқан. Соның ішінде, Грузия мен Финляндия биыл алғаш рет қатысып отыр. Ал Дания, Египет, Иордания, АҚШ, Тәжікстан, Украина қатарлы 20-дан астам мемлекет бұдан бұрын да бұл көрменің көркін қыздырған.

"Біздің компания бұл көрмеге бірінші рет қатысып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында жем-шөп дайындаумен айналысамыз. Ірі малдардан бастап үй жағдайында өсірілетін балықтарға дейін азық-түлік даярлаймыз. Көрмеге келудегі басты мақсатымыз – өзге елдердегі әріптес компаниялармен қарым-қатынас жасау және Қазақстанмен бірлесе отырып, өнімдерімізді екіжақты саудаға салу. Сондай-ақ, Қазақстаннан да тауар сатып алуды көздеп отырмыз. Астанаға алғаш рет келдік. Әдемі қала екен", – дейді түркиялық "Egevizyon" компаниясының бас үйлестірушісі, зоотехник Рыза Дөнмез.

Көрмеге еліміздің де бірнеше компаниясы мен ресми дилері қатысып жатыр. "Қазақстанда жасалған", "Халық маркасы", "Алтын сапа" сынды брендтік марка иегерлері де осы көрмеге қатысып, өз өнімдерін жұртшылыққа ұсынды.

"ШҚО, Өскемен қаласынан келіп отырмыз. Негізгі міндетіміз – ресми диллерлікпен айналысу. Беларусьялық, итальяндық, ресейлік компаниялармен бірлесіп агротехникалар сатамыз. Көрмеге алғашқы жылдан бері қатысып келеміз. Биылғы көрменің ерекшелігі –қатысушылар да, келушілер де өте көп. Бұл жолғы көрмеге әкелген техникаларымыздың көбі қысқы жем-шөп дайындауға арналған" – дейді "АстанаАгроПартнер" компаниясының техникалық директоры Ерлан Ермекұлы.+

14 000 шаршы метр аумақты алып жатқан көрмеде агрошаруашылыққа арналған дүниенің барлығы да бар. Үш күнге жалғасатын көрмеде көптеген келісімшарт жасалып, халықаралық деңгейдегі сауда-саттық болады деп күтіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу