Премьер-Министрге өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуға және оның жоғары сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірісті автоматтандыру процесі таныстырылды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Бақытжан Сағынтаевқа металлургия зауыты – ресейлік серіктестермен бірге іске асырылған инновациялық жоба екендігі айтылды. Өзінің техникалық жабдықталуы мен процестерді автоматтандыру деңгейі бойынша кәсіпорын "Индустрияландыру 4.0" Төртінші өнеркәсіптік революция тұжырымдамасына жауап береді.
Бұдан өзге, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі шарттар едәуір жақсартылды. Интеграциялық үдерістер нәтижесінде дайын өнімді КО елдеріне экспорттау кезінде кедендік рәсімдеу қажеттілігі жойылды.
Зауытта металды өңдейді және қайта өңдейді, сондай-ақ арматура, ұсақ сұрыпты илем және басқа да бұйымдар шығарылады. Екі жүзге жуық металлург еңбек ететін кәсіпорынның қуаты жылына 450 мың тоннаны құрайды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқына "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" Жолдауында еңбек өнімділігін арттырудың негізгі факторы ретінде Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жер-жерде енгізуді белгілегені мәлім: бұл автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, "үлкен мәліметтермен" алмасу.