Ертіске 23 тонна "Бактицид" құйылды

913

Ертіске 23 тонна "Бактицид" құйылды

Биыл Павлодар облысында масаға қарсы алғашқы ауқымды науқан басталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ақсуда ағын бойынша он шақырымға жоғары баржадан Ертіске ресейлік 23 тонна биологиялық "Бактицид" препараты жіберілді. Өңдеу жұмыстарының нәтижесін мамандар 48-72 сағаттан кейін көре алады.

Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының маманы Ерлан Тұргелдиновтың айтуынша, күннің суық болғанына байланысты қансорғыштар көрінбегенмен, бұл жәндіктердің дернәсілдері үшінші сатыға дейін дамыған. Бұл болашақ шыбын-шіркейдің ауызы қалыптасты деген сөз.

"Павлодар облысында масаға қарсы 199,6 мың тонна "Бактицид" препараты сатып алынған, - дейді Ерлан Тұргелдинов. – Бұл мақсатта бюджеттен 498,6 миллион теңге бөлінген. Ғылыми топтың болжамына сүйенсек, қансорғыштардың аталған түрін улау үшін қазір ең қолайлы кезең. Ауа райының қолайсыздығы мен көктемнің ұзаққа созылуынан масалар дамуын тоқтатып қалса, енді бірде күрт дами бастайды. Оған қоса, мамыр айы салқын болып тұрғаны белгілі. Сондықтан препарат тиімді нәтиже беретін сәтті пайдалану керек. Препарат дернәсілдердің ішек жолдарына түседі, нәтижесінде жәндіктер өліп қалады. "Бактицид" флора мен фаунаға ешбір зиян тигізбейтінін атап өткен жөн. Адам денсаулығына да қауіпсіз".

Павлодар облысында Ресей шекарасынан ШҚО-ға дейін ұзындығы 800 шақырым өзен бойын өңдеу жоспарланған. Өңдеу шараларын "Барракуда-Павлодар" ЖШС ғылыми тобының және қоғамдық кеңес, журналистер мен депутаттардың бақылауымен "ВЕТДЕЗ-ПВ" мердігерлік ұйымы өткізеді. 

Ақсу қалалық мәслихатының депутаты Андрей Гороховтың сөзінше, баржаға жиналған халық қалаулылары биологиялық улағыш зат бар сыйымдылықты тексеріп, канистрлардың барлығы зауыттан шыққан пломбамен бекітілгенін және сақтау мерзімі бұзылмағанын бақылаған.  

"Биыл жазда халық өзін жайлы сезінеді және екі жыл бұрын болған жағдай қайталанбайды деген үміттеміз, - дейді Андрей Горохов. - Кезінде тұрғындар жәндіктердің салдарынан балаларды алаңдарға жіберуге қорқатын".

Еске сала кетейік, Ақсу мен Кенжекөлде Ертіс жайылымын әуеден өңдеу 17 мамырда басталған. Осы күндер аралығында 4,2 гектар өңделген. Дегенмен баржадан мұндай көлемде дернәсілдерге қарсы препарат бірінші рет құйылуда.  Ертіс өңірінде жаздың соңына дейін масаларды улауға уәде беріп отыр. Келесі көздеген пункт – Май ауданы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу