Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова "Ла Скала" театрының бас директоры және көркемдік жетекшісі Александр Перейрамен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесудің басында мемлекеттік хатшы Қазақстан терең әрі жүйелі жаңару кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып өтті. Мемлекет басшысы мықты әрі жауапкершілігі жоғары ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басып, бұқаралық сананы қалай өзгерту керектігі жөнінде міндет қойды. Мұны орындау үшін қажетті басты шарт – төл мәдениетті, дербес ұлттық кодты сақтау.
Гүлшара Әбдіқалықова президенттің тапсырмасымен "Жаһандағы заманауи Қазақстан мәдениеті" атты жобаның іске асырылатынын айтты. Мемлекеттік хатшы елбасымыз бізді әлемнің қара алтынмен және сыртқы саясаттағы жобаларымызбен ғана емес, маңызды мәдени жетістіктерімізбен де тануға тиістігі жөнінде міндет қойғанына назар аударды.
Сондай-ақ кездесуде опера және балет өнері саласындағы ынтымақтастықты дамыту, "Ла Скала" театрының Қазақстандағы және "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының Италиядағы гастрольдерін өткізу тәжірибесін өрістету мәселесі талқыланды.
Гүлшара Әбдіқалықова халықаралық "ЭКСПО-2017" мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстан елордасында 1-10 қыркүйек аралығында тұңғыш рет Миландағы әйгілі "Ла Скала" театрының толық құрамдағы гастролі өткізілетінін айтты.
Мәдени бағдарлама аясында италиялық ұжым "Астана Опера" сахнасында Джузеппе Вердидің "Фальстаф" операсын ұсынады, сондай-ақ маэстро Зубин Метаның жетекшілігімен Людвиг ван Бетховеннің әйгілі шығармасы – №9 симфония орындалады.
Мемлекеттік хатшы кездесу соңында Александр Перейраға мықты денсаулық, мол игілік және зор шығармашылық табыс тіледі.