Халықаралық "Славян базары" байқауында Ержан екінші орынды еншіледі

794

Халықаралық "Славян базары" байқауында Ержан екінші орынды еншіледі

Батысқазақстандық жас әнші Ержан Максим Беларусь елінің Витебск қаласында өткен халықаралық "Славян базары" фестивалінің балалар байқауында екінші орынға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ержанның ұстазы, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының солисі Дария Бақытованың мәлім еткеніндей, айтулы өнер додасына әлемнің 21 елінен үздіктер қатысып, бақ сынады. Солардың ішінде Қазақстан намысын қорғаған Ержан Максимнің жүлделі орынға ілігуі - үлкен жетістік. Бұл - оның табиғи таланты мен еңбегінің, ата-анасы Ербол мен Гүлмираның үздіксіз қолдауының нәтижесі.

Айта кетейік, бұл - Ержан Максимнің халықаралық байқаудағы кезекті жеңісі. Ол жеті жасында Мәскеуде өткен "Бегущая по волнам" фестивалінің, содан кейін өткен жылы жазда Алматыда халықаралық "Бозторғай" балалар шығармашылығы байқауының, қыркүйекте Грузияның Батуми қаласында "Дельфин Фэст" байқауының бас жүлдесін иеленген болатын. Ал 2016 жылғы желтоқсанда тоғыз жасар Ержан Максим Ригада өткен жас орындаушылардың бесінші "Riga Symphony 2016" халықаралық фестивалінде үш дүркін жүлдегер атанды. Онда оралдық жас дарын авторлық ән мен әлемдік хиттен бірінші, халықтық әннен екінші орынды иеленіп, үш бірдей медальға қол жеткізген еді. Ал биылғы мамырда Италияның Сан-Ремо қаласында өткен жас орындаушылардың халықаралық фестивалінде бірінші орынға ие болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу