"Eni" Қазақстанға инвестиция құюды жандандыруға дайын. Бұл туралы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімовтің итальяндық "Eni" мұнай-газ компаниясының өкілдерімен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды қордың қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаменті.
Тараптар газ өңдеу зауытын салу, Каспий теңізіндегі Исатай және Абай кен орындарында жер қойнауын пайдалану, сондай-ақ қайта қалпына келетін қуат көздерін дамыту бағыттары бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
"Eni" компаниясының барлау және өндіру жөніндегі директоры Антонио Велла дәл қазіргі уақыт "Қарашығанақ" жобасын дамытуға қолайлы екендігін атап өтті.
"Бүгінде әлемде мұнай өндіру көлемінің төмендеуімен қатар оның бағасы қымбаттағаны байқалып отыр. Біз мұны пайдалануымыз қажет. Біздің компания қазақстандық жобаларды инвестициялауды белсендіруді жоспарлап отыр", - деп атап өтті Антонио Велла.
Кездесу барысында "Eni" компаниясының өкілдері итальяндық компания Қазақстанмен жасыл энергетиканы дамыту саласында да ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіретінін атап өтті.
Бүгінде тараптар Ақтөбе облысында жел электр станциясын салу және Жамбыл облысында "Бурное" күн электр станциясын инвестициялау бойынша келіссөздер жүргізуде.