Қазақстанда теңіз және құрғақ порттар үшін Циндао қытайлық порттың "ақылды айлақ" технологиясы енгізіледі, онда контейнерлерді жүктен босату, тиеу, бөлу немесе сақтау жұмысы, жүкті теңіз немесе құрлық бойынша жөнелту жұмыстары автоматты режимде жүргізілетін болады, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Бұл туралы Циндао кемежайы бас директорының орынбасары Ян Цземинь қазақстандық журналистермен Циндао қаласындағы портты аралау барысында хабарлады.
"Көптеген жыл бойы біздің тығыз ынтымақтастығымыз дамып келеді. Мәселен, Жапония мен Кореядан келетін көптеген тауар түрлері біздің Циндао кемежайымыз арқылы Қазақстанға жөнелтіледі. Өткен жылы Қытайдан Орталық Азияға 20 мыңға жуық контейнер жөнелтілді. Қазақстаннан көптеген кен түрлері Қытайға жеткізілуде, олардың көлемі күн санап артып келеді. Қорғас пен Достық (Алашанькоу) арқылы Қытайдан Қазақстанға жүктер жедел жөнелтілуде", – деп толықтырды Ма Баолянь.
Атап өтер болсақ, Циндао алғаш рет 1892 жылы ашылды. Бұл әлем бойынша 180 елдің 700-ден астам кемежайымен сауда байланысын орнатқан жетінші порт. Мұнда 160 халықаралық контейнерлік кемелер рейсі желісі бойынша қызмет көрсетеді, оның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азия, Жерорта теңізі порттарына тікелей бағытталған 65 бағыт бар. 2016 жылы порттың жүк айналымы 500 млн тоннаны құрады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы алғаш рет Орта Азия елдеріне сапары барысында "Бір белдеу, бір жол" жобасын жүзеге асыру туралы ұсынысын білдірді. Осы ретте ағымдағы жылдың мамыр айында Бейжіңде өткен "Бір белдеу, бір жол" атты халықаралық ынтымақтастық форумында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақтылы жауап екенін атап өтті.