Биыл "Нұрлы жол бағдарламасы бойынша Астана қаласында 620 пәтер тапсырылды. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен брифингте "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Астана қаласы бойынша директоры Жансұлтан Матаев айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.
"Осы жылдың жоспары бойынша тағы 364 пәтерлік тұрғын үйге конкурс өткізілді. Қазіргі күні банк тарапынан төлем қабілеттігін растау процедурасы жүргізіліп жатыр. 7 желтоқсанда төлем қабілеттігін растау мерзімі аяқталғаннан кейін салымшылар әкімдікпен сатып алу келісім-шартын жасап, одан соң біз несиелендіру жұмыстарын жүргіземіз", - деді ол.
Оның айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасының шарты бойынша пайдалануға берілетін пәтерлердің 50 пайызы олар конкурс негізінде жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй кезегінде тұрғандар арасында, ал қалған 50 пайызы "Қазақстанның Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі" салымшыларының арасында үлестіріледі.
"Қазіргі күні қаланың үш бөлігінде 2018-2019 жылдарға арналған үш нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. 2019 жылы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 1825 пәтерлік 17 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Баспана бағасы бағдарлама шеңберінде белгіленген 1 шаршы метріне 180 мың теңге", - деді Матаев.