Көкшетаудағы сауда үйіне "жарылғыш зат" қойған Солтүстік Қазақстан тұрғыны ұсталды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.
Полицейлердің мәліметіне сүйенсек, 1 қаңтар күні Ақмола облысының ІІД кезекшілік бөліміне Солтүстік Қазақстан облысының ІІД кезекшілік бөлімінің полицейі хабарласқан. Оның айтуынша, СҚО ТЖД кезекшілік бөліміне белгісіз ер адам қоңырау шалып, Көкшетаудағы сауда орындарының біріне жарылғыш зат қойылғанын айтқан.
"Ақмола облыстық ІІД жедел тергеу тобы мен жарылғыш затты анықтап, залалсыздандыратын техниктер сауда үйіне жетті. Алайда, іздестіру шарасы барысында ешқандай жарылғыш зат табылмады. Сонымен қатар сауда орны жабық болғандықтан, адамдарды қауіпсіз жерге шығару да қажет болмады. Дегенмен жедел іздестіру шарасы барысында жалған "бомба" қойған СҚО Сарыбұлақ ауылының 26 жастағы тұрғыны қолға түсті", – деп жазылған хабарламада.
Қазір айыпты кінəсін мойындап, оның үстінен ҚР ҚК 273-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша кінәлі адам 6 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.