ҚР СІМ басшылығы оралмандар мəселесімен Қытайға барады

716

ҚР СІМ басшылығы оралмандар мəселесімен Қытайға барады

ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Қытайдағы қазақ диаспорасының мәселесін талқылау үшін Үрімжіге барады. Бұл туралы бүгін ол мәжілістегі үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, үкімет сағаты барысында мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Қазақстанға келіп азаматтық ала алмай жүрген қандастарымыздың жағдайын айтқан болатын.

"Расында Бекболат Қанайұлы көтерген мәселе орынды. Тарихи отанына қайтамын деген қазақтар шетелде көп. Өздеріңіз білесіздер, біздің тараптан да қолдан келгенше жағдай жасалып жатыр. Мәселен, былтыр Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында елбасымызға Қытайдағы қазақтарға қатысты мәселе айтылды. Оларға жеңілдікпен азаматтық алу кезінде біраз құжаттар қиындық тудырады екен. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша ішкі істер министрлігі сол құжаттардан бас тартты, талап етпейтін болды", - деді бірінші вице-министр.

Дегенмен, оның айтуына қарағанда, бүгінде бұл мәселе басқа мәселеге айналып шыға келген.

"Мысалы Қытайдан келген қазақтар жеңілдікпен азаматтық алады. Одан кейін Қытай елшілігіне барып төлқұжаттарын тапсыратын. Ал Үрімжі жаққа қайтып барған кезде олар тұрақты тіркеуден шықпағандықтан қамалып жатыр. Өйткені олар тұрақты тіркеуден шықпағаннан кейін қосымша әлеуметтік төлемдер алып отыр. Жергілікті билік соған тыйым салмақ. Міне осында мәселелер туындауда", - деді ол.

Осы ретте вице-министр шетелден келген қандастарымыздың азаматтық алуларына жеңілдік жасау мәселесін жан-жақты қарастыру қажеттігін баса айтты.

"Сол елдегі талаптарға қайшы келмейтіндей жасауымыз керек. Жалпы жоғарыда айтқан мәселеге қатысты Қытай үкіметімен келіссөздер өткізіп жатырмыз. Мен ертең Үрімжіге сапарламақпын. Сол жақтағы қазақ диаспорасы мәселесін талқылау үшін ресми сапармен барамын", - деді Мұхтар Тілеуберді.

Шетелден келген қандастарымыздың азаматтық алуына бірқатар жеңілдік жасалғанын ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов да айтты.

"Дегенмен, оралман мәртебесін алғаннан кейін бір жылдың ішінде бізге арыз беріп, азаматтығын алуы керек. Олар көбіне бір жылдың ішінде жүгінбейді, 15-17 айдан кейін арыз береді. Сондықтан біз оларды қайтарамыз. Қазір біз заңға өзгерістер енгізейін деп жатырмыз. Сонда арыз беру мерзімін ұзартып, жеңілдік жасайтын боламыз", - деді Қалмұханбет Қасымов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу