Маңғыстауда "Шетпе" газ бөлу станциясы іске қосылды

1071

Маңғыстауда "Шетпе" газ бөлу станциясы іске қосылды

 

Маңғыстауда "Шетпе" автоматтандырылған газбөлу станциясы іске қосылды, деп хабарлады strategy2050.kz.
Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов Маңғыстау ауданында болды. Индустрияландыру картасы аясында Маңғыстау облысы әкімдігі, "ҚазМұнайГаз" ҰК және "ҚазТрансГазАймақ" АҚ арасындағы үш жақты меморандумға сәйкес, Шетпе ауылына қуаттылығы сағатына – 20 000 м3 газ жеткізетін "Окарем – Бейнеу" магистралды газ құбырынан Шетпе ауылына дейін 90 шақырым қашықтықтан тартылған газ құбыры іске қосылды. Жобаның құны 5,7 млрд теңгені құрайды.  

Осы кезге дейін пайдаланып келген "Жетібай – Шетпе" газ құбырының қуаты сағатына – 5 мың текше метр болып, тек қана Шетпе ауылын толық газбен  қамтуға мүмкіндік берген болатын. Сондықтан жылыту маусымы кезінде газ құбырының жеткіліксіз өнімділігі себебінен ауылдарда газ тапшылығы байқалды. Осыған байланысты, халықтың тұтыну көлемін қамтамасыз ету мақсатында аталған жоба іске асырылып, Жыңғылды, Тұщыбек, Онды, Бекі, Шайыр, Жармыш ауылдарындағы газ тапшылығы жойылды.

"Алдымен, Сіздерді тәуелсіздік күнімен құттықтайын! Мына үлкен жобаның жүзеге асырылуы да тәуелсіздіктің жемісі. Маңғыстау ауданы толықтай газбен қамтылды. Енді тағы да облыстың 5 ауданында және Жаңаөзен қаласында жалпы ұзындығы 1370 шақырымды құрайтын газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыруға 800 адам жұмысқа тартылды. Нысан пайдалануға берілген соң 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады", - деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар,  ауыл тұрғындарына  тарту ретінде Шетпе селосында  50 орындық "Дархан" балабақшасы ашылды. Жергілікті кәсіпкердің өз қаражатымен салынған бөбекжай құрылысына 40 млн. теңге жұмсалыпты.  Ауданда соңғы жылдары 5 бірдей жекеменшік білім ошағы ашылған. Бүгінгі жаңа нысанды іске қосу арқылы Маңғыстау ауданында бала бақшамен қамту үлесі 85 пайызға жетіп отыр. 1000 шаршы метр аумаққа орналасқан жаңа мекеме 20 адамды жұмыспен қамтыған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу