Қазақстан біртіндеп генериктерге көшеді. Бұл жайында денсаулық сақтау министрлігі фармация комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков ШҚО іссапары кезіндеайтты, деп хабарлайды altaynews.kz.
Нұрлыбек Асылбековтің айтуынша, отандық компаниялардың барлығы дәрі-дәрмекті халықаралық GMP стандартымен өндіреді. Сарапшылар өнімдердің стандартқа сәйкестігін, сапасының тиімділігін тексереді. Тізімдегі дәрілер өзгеріп тұрады, бұл жағынан да көп жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір дәрі-дәрмектің сапасы мен тиімділігіне күнделікті мониторинг жасалады, нәтижесінде 50 дәрі тізімнен алынып тасталды, клиникалық тиімділігі жоғары басқа 63 препарат қосылды.
Тұрғындар арасында бұрыннан қабылдап жүрген дәрілерінің бекітілген тізімде болмауына наразылық танытатындар кездеседі. Олар дәрігер тағайындаған басқа препаратты ішуден бас тартуға дейін барады екен.
"Басқа медикамент тағайындалған кезде, біраз уақыт әсерлері болуы мүмкін, ондай фактілер кездесті. Бұл жерде дәрігерлер түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізулері керек. Өйткені егер біз алмастырып жатсақ, демек оның тиімді әсер ететін құрамының бірдей болуын қадағалап барып, ауыстырдық. Мемлекет үнемі оригинал дәрі сатып ала алмайды, осыны түсінуіміз керек. Бұл өте қымбат, тіпті үш есе, бес есеге дейін қымбат. Сол себепті генериктерді сатып алуға тура келеді", — дейді фармация комитеті төрағасының орынбасары.
Мамандардың пiкiрiнше, түпнұсқалық препарат пен генериктiң арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Десе де, пiшiнi, түсi мен жасау технологиясында айырмашылықтар болуы, басқа да көмекшi қосындылар болуы мүмкiн, ал, дозасы, қауiпсiздiгi, тиiмдiлiгi жағынан түпнұсқа препаратпен бiрдей.
Айта кетсек, генериктер дегеніміз тұпнұсқалық дәрілік препараттың арзан көшірмесі.