ОҚО-да "Атамекен-Ордабасы" индустриялық паркі іске қосылды

751

ОҚО-да "Атамекен-Ордабасы" индустриялық паркі іске қосылды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен ОҚО Кәсіпкерлер палатасы және "Ордабасы" индустриялық аймағы бірлесіп, "Шымкент шина жасау зауыты" аумағындағы өндіріс нысандарында жаңа кәсіпорындар құру жобасын қолға алды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Нәтижесінде "Атамекен-Ордабасы" индустриялық паркі құрылып, кәсіпкерлерге бірқатар тегін қызметтер жиынтығын ұсынғалы отыр. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың индустриялық паркке жасаған сапары барысында белгілі болды.

Аймақ басшысы Кеңес дәуірінен қалған индустриялық алпауыттың аумағындағы нысандар мен инфрақұрылымдардың жақсы сақталғанына тоқталды. Десек те, зауытты қайта іске қосу – қиын шаруа. Сондықтан да, облыс басшылығы зауыт аумағында бірқатар жаңа кәсіпорын құру мақсатында өндіріс нысандарын кәсіпкерлерге екі айға тегін беру ісін қолға алып, жеңілдетілген баға саясатын ұсынбақ.

Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіровтің мәлімдеуінше, "Атамекен-Ордабасы" индустриялық паркі кәсіпкерлерге заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсетіп, оларды бизнес саласында оқытуды да қолға алмақ. Сондай-ақ бұл мекеме кәсіп ашқысы келетіндерге ақпараттық және PR қолдау көрсетіп, жарнамалау, қаржы көзін тартуға атсалысу, бизнес-жоспар жасау сынды тегін қызметтер жиынтығын қоса ұсынып отыр.

Қала сыртында орналасқан өндіріс орнында ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінен өзге барлық сала үшін қолайлы жағдай жасалған. Онда тауарларға арналған қойма да бар. Бүгінде паркте 5 жоба іске асырылып жатыр. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тегін қызметтер жиынтығын түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырды.

Өңір басшысы мұнан соң Шымкенттегі қорғасын зауытына ат басын бұрды. 1934 жылы іске қосылған өндіріс аумағындағы цехтар жұмыс істемей тұр.

"Қорғасын зауытының болашағы түсініксіз. Сондықтан алдағы уақытта екі зауытты да тиімді пайдаланудың тетігін ойластырған жөн. Егер мүмкін болып жатса, ондағы жер телімдері мен өндіріс ошақтарында жаңа өндіріс орындарын ашуды қолға алуымыз керек", – дейді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, 2010 жылы "Оңтүстiкполиметалл ӨК" акционерлік қоғамы мен "Қазақмыс" корпорациясы және "А-Мега трейдинг" ЖШС-ның үшжақты келісімі негізінде қорғасын зауыты толыққанды жұмысқа көшкен болатын. Алайда өнеркәсіп орнының жұмысы қайта тұралап, банкротқа ұшырады. Бүгінде зауыттың бірқатар ғимараты банкте кепілдікте тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу