Қазақстанға инвестиция тарту мақсатында "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы мен Польша делегациясы арасында екіжақты басқосу өтті. Қонақтар елімізде ивнесторларға жасалған жағдаймен танысып, оны жоғары бағалады. Сондай-ақ, делегаттар "Selena Group" компаниясының өндірісін аралады, деп хабарлайды egemen.kz.
Польшаның Экономиканы дамыту вице-министрі Ядевика Эмилович Қазақстанның дамуы қарқынын жоғары бағалап, әріптестіктің екі елге де тиімді екеніне тоқталды.
"Қазақстан нарығы ‒ біз үшін өте үлкен әрі қызықты. Польяктардың қазақ жеріне бұрыннан келгенін тарихтан білеміз. Алайда қазіргі таңда Қазақстан ‒ тарихи ғана емес, болашақтың мекені. Сондықтан, біз өзіміздің кәсіпкерлерді өнімдерін Қазақстанға әкеліп қоймай, осында инвестиция құюға шақырамыз", ‒ дейді Ядевика Эмилович.
Елдегі инвесторлар ахуалын бақылау үшін келген делегация құрамында экономика даму вице-министрінен бөлек темір жол саласының үздігі атанған PESA компаниясының өкілі де бар. Ядевика Эмилович мұның өз себебі бар екенін айтады.
Польша келешекте жаңа "Жібек жолының" негізгі бір тармағы болуды көздейді. Осы орайда, PESA-ның қосар үлесі мол.
"Польшадан келген делегацияға инвесторларға жасалған жағдайлар мен жеңілтіктер туралы таныстырып жатырмыз. Мәселен, жер беру, инфоқұрылым мәселесі туралы айтып, салықтан босатылатын түсіндірдік. Алайда мұндай жеңілдікке ие болу үшін олар Астана қаласының әкімдігіне не "Astana Invest" компаниясына хабарласуы тиіс", ‒ дейді "Astana Invest" ұлттық компаниясының инвесторларға қызмет көрсету орталығының директоры Абай Қожамжаров.
Жеңілдік алуға мүдделі инвестордың ұсынысы қанағаттандырылса, оны Астанадағы арнайы экономикалық аймаққа мүшелікке қабылданады. Сондай-ақ, инвесторлардың өнімін сыртқа экспорттау мәселесі де қаралған.
Абай Қожамжаровтың айтуынша, Астана қаласы бойынша 60-қа жуық жоба ұсынуға дайын тұр. Алда-жалда польшалық делегацияның көңілінен шықса, екі жақты келісімге де қол қойылуы ықтимал.
Делегацияның мәліметіне сүйенсек, Польша тарапы химиялық өнім шығару, жиһаз жасау секілді өздерінің оң жамбасына келетін салаларға ден қоюды жоспарлап отыр. Ядевика Эмиловичтің айтуынша, польшалық өнімдердің сапасы жоғары, бағасы да екі тарапқа қолайлы екен.
"Делегация Қазақстанның ұсынысына қатты қызығып отыр. Тіпті, мұны біз де күткеніміз жоқ. Мәселен, "Селена" мен "Полфарма" компаниялары Қазақстанда сәтті жұмыс істеп жатыр", ‒ дейді Польшаның Экономиканы дамыту вице-министрі.