Премьер-министр "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынып жатқан үйлерді тексерді

728

Премьер-министр "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынып жатқан үйлерді тексерді

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында тез салынатын аз қабатты несиеге берілетін тұрғын үйлердің пилоттық жобасын аралады, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Нысанды аралау барысында Бақытжан Сағынтаевқа "Нұр Ақтөбе" тұрғын үй алабындағы тұрғын үйлерді салу барысы, жобалық шешім ерекшеліктері және берілетін пәтерлердің сапасы баяндалды. Нысандардың құрылысында пайдаланылатын материалдың 65%-ы жергілікті кәсіпорындарда өндірілетінін айта кеткен жөн.

Барлығы "Нұрлы жер" бағдарламасымен Ақтөбе облысында 2017 жылы 500-ден кем емес аз қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл – тұрғын үй кезегінде тұрған 700-ден астам отбасыны қолайлы баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл осы өңір үшін ерекше өзектілікке ие, себебі президенттің тапсырмасымен мұнда ауқымды агломерация дамып, Ақтөбе қаласы заманауи урбанистік орталыққа айналуы тиіс.

Еске сала кетейік, президент Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауында "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру – үкіметтің таяу келешектегі басым міндеттерінің бірі екенін айтты, себебі бағдарлама алдағы 15 жылда 1,5 млн отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетейік, бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары қамтылған. Бұл – құрылыс салушылар үшін мемлекеттің субсидия ұсынуы есебінен банк несиесін арзандату, сонымен қатар халыққа арналған ипотекалық несиені субсидиялау.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу