Өскеменде полиция қызметкерлері мен автопарк басшылығы қоғамдық көліктегі ұрлық жайын талқылады. Кездесуде белгілі болғандай, соңғы он айда автобуста 111 ұрлық болыпты. Оның 80-нен астамы жабулы күйі қала берген, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.
Қалта қағарлардың сүйікті автобустары №2, 12, 42, 60 болып отыр.
Автопарк басшылығы тәртіп сақшыларына арыз-шағымын айтты. Олардың айтысынша, бір ай бұрын бір автобустағы ұрыны жүргізуші мен кондуктор ұстап алыпты. Тәртіп сақшылары келгенше олар ұрыны жарты сағаттай бөгеп тұрыпты. Ал сақшылар келген соң, полиция бөлімшесіне жүргізуші мен кондукторды қоса ала жүреді. Тергеу шарасы 5 сағатқа созылып, осы уақыт ішінде автопарк қызметкерлері түскен ақшаларын жоғалтып алған.
"Сіздер білесіздер ме, менің қызметкерлерім енді ұрлық үстінен түссек те, полиция қызметкерлеріне хабарламаймыз деп отыр. Оларды кешкі сағат жетіден түннің бір уағына дейін бөлімшеде ұстаған. Сонда бұдан қандай пайда болды? Әлгі ұрылар ұрлық істеуін қайта жалғастырыпты. Неге олар тіпті айыппұл арқаламайды?" – деді автопарктердің бірінің басшысы Марат Қалелов.
Тәртіп сақшылары кейбір жағдайда қос тарап өзара келісімге келсе, ешқандай жаза қолданылмайтындығын айтты.
"1998 жылға дейін екінші қайтара ұрлық қылғандар жазаланатын. Ал қазір олай емес. Иә, әлгі ұры бірнеше мәрте ұрлық істеген. Бірақ ол шығынның орнын толтыра алады. Сондықтан іс жабылады", – деді облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері Ерлан Малғымбаев.