Маусымның 5-і күні Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің "Ел басқару жөнінде" атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының аналитикалық орталығы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты мен Қытайды зерттеу орталығы. Си Цзиньпиннің кітабын ҚХР азшылық ұлттар баспа үйі қазақ тіліне тәржімалады. Бұл туралы ӘЭСИ баспасөз қызметіне сілтеме жасап "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
– Аталмыш кітаптың қазақ тіліне аударылуы мемлекет басшысының үздік заманауи әдебиеттерді қазақ тіліне аудару бойынша қойған тапсырмаларға жауап беріп, мемлекеттік тілдегі әдебиет қорын жетілдіретініне назар аударғым келеді. Сондай-ақ, оның оқырман аудиториясы айтарлықтай ұлғаяды, – деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев.
2014 жылы жарық көрген Си Цзиньпиннің "Ел басқару жөнінде" кітабы әлемде үлкен сұранысқа ие, бұл кітап жыл сайын 25-тен астам тілде миллиондаған данамен басылады.
Ержан Салтыбаевтың сөзінше, Қазақстанда жүргізіліп жатқан Үшінші жаңғырту аясында бұл кітап үлкен сұранысқа ие болмақ.