Жарты ғасыр бұрын салынған "Қалқаман – Қарағанды" тас жолы жөнделетін болды

793

Жарты ғасыр бұрын салынған "Қалқаман – Қарағанды" тас жолы жөнделетін болды

Республикалық маңызы бар "Қалқаман – Қарағанды" тас жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жөнінде Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов тұрғындардың алдындағы есептік кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Жөндеу жұмыстарының барлық құжаттары дайын. Алдағы бес-алты күнде конкурс аяқталып, күрделі жөндеу жүргізетін мердігер компания анықталады. Бұл жобаға 6,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жұмысты науырыз айында бастау көзделіп отыр", - деді Оразгелді Қайыргелдинов. 
"ҚазАвтожол" ҰК АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Қайрат Каребаевтың айтуынша, "Қалқаман – Қарағанды" республикалық маңызы бар жол 1965-1975 жылдары салынған. Сол уақыттан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. 
"Жалпы ұзындығы 205 шақырым жол жөндеуден өтпек, - дейді Қайрат Каребаев. – Былтыр 30 шақырым жолдың жұмысы басталған болатын, дегенмен аяқталмай қалған. Оған негізгі 172 шақырым жолды қосып жөндеу жасаймыз. Астанада өтіп жатқан конкурсқа бес компания қатысуда". 
Сонымен қатар, аудан әкімі биылғы жылы бес бағыттағы аудандық маңызы бар 87,5 шақырым автомобиль жолдарына 1,8 млрд теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін айтты. Оның ішінде Алексеевка ауылынан Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесіне дейін - 52 шақырымдық жол. (Ақсан ауылына - 6,1 шақырым, Торайғыр ауылына кіреберіс - 17 шақырым, Торайғыр – Жасыбай -12,4 шақырым). Бұған қоса, аудандық маңызы бар "Қарашат – Жайма" жолының 30 шақырымына, яғни Жаңатілек ауылына дейін орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында тиісті құжаттар толық әзірленген. Жобалық құны 631,0 млн теңгені құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу