"7-20-25" бағдарламасы бойынша алынатын баспананың орташа аумағы 62 шаршы метрді құрады. Нарықты зерттеу нәтижесінде, аумағы 62 шаршы метр баспананың негізінен екі бөлмелі пәтерлер екені анықталды, деп хабарлайды elorda.info "Баспана" ипотекалық ұйымының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"7-20-25" бағдарламасы арқылы сатып алынатын баспананың орташа құны есептелді. Қазіргі таңда ол көрсеткіш - 14 миллион 68 мың теңгені құрайды.
Сондай-ақ қарыз алушылардың ортақ сипаты да белгілі болды. Ол - Қазақстан Республикасының азаматы, жас шамасы 24 пен 40 жас аралығында, отбасының ай сайынғы табысы 200 мың теңге көлемінде.
"Қазіргі таңда бағдарламаға қатысқан көптеген азаматтардың өтініштері мақұлданғанын байқап отырмыз. Ол "7-20-25" бағдарламасының көкейкестілігін, дер кезінде қолға алынғандығын және әлеуметтік бағытын айқын дәлелдейді", - деді "Баспана" ипотекалық ұйымының иасқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.
Қайрат Алтынбековтың сөзінше, жылдық үстемесі 7 пайыз болатын "7-20-25" ипотекасының ай сайынғы төлемі пәтерді жалға алып тұрғаннан арзан шығады.
13 тамыз күнгі жағдай бойынша, Қазақстан халқынан бағдарламаға қатысуға 15,4 млрд теңге сомасына 1323 өтініш келіп түскен. Оның жалпы сомасы 9,7 млрд теңгені құрайтын 843 өтініші банктер тарапынан мақұлданды.
Айта кетейік, "7-20-25" бағдарламасының ипотекалық несиесін Центркредит банкі, АТФБанк, Bank RBK мен ЦеснаБанк арқылы алуға болады.