Ғаламтор мен әлеуметтік желілерде құрылыс компаниялары мен тұрғын үй кооперативтерінің "7-20-25" бағдарламасының атын жамылған қитұрқы ақпараттары көбейіп барады, деп хабарлайды "Баспана" ипотекалық ұйымы.
"Мәселен, 0-20-25, 5-19-25, 5-10-25 сынды түрлі акциялар пайда болды. Алайда олардың шарттары "7-20-25" бағдарламасының шарттарына мүлдем сәйкес келмейді. Олардың "7-20-25" бағдарламасына еш қатысы жоқ. "Баспана" ипотекалық ұйымы кейін түрлі түсініспеушіліктер туындамас үшін халықты мұндай акциялар мен жарнамалардан сақ болуға шақырады", – делінген ипотекалық ұйым таратқан ресми хабарламада.
Хабарламада түсіндірілгендей, 25 - жылына берілетін несие емес, 25 айға ғана созылған несие болуы мүмкін. Сонымен қатар, кей кездері мұндай акцияларда 20 саны алғашқы жарна емес, несие бойынша үстеме мөлшерлемесі болып та шығады.
Бұл ретте, "7-20-25" бағдарламасы бойынша ипотекалық несиені тек бағдарламаның серіктес банктері ғана бере алады. Ал серіктес банктердің қатарында Центркредит банкі, АТФБанк, Цеснабанк, Bank RBK мен Евразиялық банк бар. Бұл ретте құрылыс компаниясы немесе тұрғын үй кооперативтері "7-20-25" бағдарламасы бойынша ешқашан несие бере алмайды.
"Бүгінгі таңда "7-20-25" бағдарламасының шарттары нарықтағы ең тиімді ұсыныс болып отыр. Тиісінше, осы нарықтағы түрлі компаниялардың президенттік бағдарламаның атын жамылып, өз өнімдерін өткізуге ұмтылатындары байқалды. Біз нарықтың дамуын қолдаймыз. Алайда бұлайша халықты алдауға түбегейлі қарсымыз", – дейді "Баспана" ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.
Фархат Әміренов