Көктемгі қар суының еруінен өзендер ернеуінен асып, бірқатар өңірдегі елдімекендер су астында қалды. Тұрғындар үй-жайынан айрылып, қиындық кешті.
Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің тапсырмасымен су тасқынынан жапа шеккендерге көмек көрсету мақсатында "Ақмола асары" атты қайырымдылық керуені ұйымдастырылды.
Шараға Көкшетау қаласының мешіттері мен жергілікті тұрғындардан азық-түлік, киім-кешек және қаржылай көмек жиналды. Сондай-ақ мұндай игі шараға Семей өңірінен 356000 теңге қаржылай көмек көрсетіліп, жиналған ақшаға азық-түлік алынды.
Облыс имамы Қанат Қыдырмин бастаған қайырымдылық керуені облыстың Сандықтау, Атбасар және Астрахан аудандарында болып, жүз отбасыға арнайы азық-түлік пен киім-кешек таратылды.
Асыл дінімізде қиындық кезінде адамдарға көмек көрсетудің сауапты іс екені, әрқашан мейірімділік көрсетіп, қамқорлық жасаудың игі амал болатыны айтылған. Бүгінгі бұл акция да соған айқын мысал бола алады.