Ақмола облысында 214 түлекке "Алтын белгі" тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аймақ басшысы Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңында "Сәт сапар, түлектер - 2017!" тақырыбында өткен салтанатты жиынға қатысып, алтын ұя аяулы мектептен түлеп ұшқан ұл-қыздарды құттықтады.
"Бұл күнде Қазақстан қоғамдық тұрақтылықтың, экономикасы мен саяси жүйесі қарқынды дамыған және қалыптасқан жаңа мемлекеттің жарқын үлгісі болып отыр. Бұл елбасының көрегенділігі мен салиқалы саясатының арқасында екендігі сөзсіз. Биылғы жыл ел жүрегі Астана қаласында өтіп жатқан "ЭКСПО - 2017" мамандандырылған көрмесімен ерекшеленіп отыр. Қазақстанда оқимын деген жастарға білімнің даңғыл жолы ашық. Болашақта білікті маман болып қалыптасып, өз елін сүйетін елжанды, парасаты биік ұрпақ ретінде егеменді елге аянбай тер төгетіндеріңізге сенімім зор",-деді өңір басшысы өз сөзінде.
Салтанатты шарада Көкшетау қаласындағы №5 "Таңдау" көпсалалы гимназиясының түлегі, "Үздік аттестат" иегері Инур Маратова өзінің ақжарма тілегін үш тілде жеткізді. Көкшетау қаласы бойынша 56 "Алтын белгі" иегеріне 100 мың теңге көлемінде, 24 "Үздік аттестат" иегеріне 70 мың теңге көлемінде сертификаттар табыс етілді.
Айта кету керек, биыл Ақмола облысы бойынша 4331 түлек алтын ұя мектептерінен түлеп ұшты. Оның 214-і "Алтын белгі", 97 бала үздік аттестат иегері.