Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры биыл үшінші рет өтетін дәстүрлі "Алтын Тобылғы" әдебиет байқауына өтінімдерді қабылдау басталғаны туралы хабарлайды. Сыйақының жалпы қоры – 5,5 миллион теңге, деп жазады Қостанай таңы.
Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық әдебиетте жаңа есімдерді қалыптастыру және жас қаламгерлердің өмірлік философиясын көрсететін қазіргі заманғы әдебиетке қоғамның қызығушылығын арттыру болып табылады. Жобаның серіктестері – Қазақстан Жазушылар одағы және Мемлекеттік тілді дамыту қоры.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры "Алтын Тобылғы" әдебиет сыйлығын алғаш рет 2015 жылы тағайындаған. Байқау Қазақстанның жас таланттарын қолдауға бағытталған және олардың әдебиет саласындағы шығармашылық әлеуетін көпшілікке танымал етуге мүмкіндік береді.
Жас ақын-жазушылар, прозаиктер мен драматургтердің жаңа есімдері елге танымал болып, шығармалары қазіргі заманғы әдебиетте лайықты орынға ие болады. Байқауға еліміздің 18-35 жас аралығындағы жас дарындар қатыса алады және бұдан бұрын еш жерде жарияланбаған туындылар ғана қабылданады.
"Алтын Тобылғы" сыйлығы "Үздік проза", "Үздік поэзия", "Үздік драматургия", "Үздік балаларға арналған шығарма" сияқты төрт номинация бойынша тағайындалған. Әрбір номинацияның жеңімпазына 1 миллион теңге сыйақы беріледі. Сонымен қатар, биылғы жылы ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласындағы мақсаттарды жүзеге асыруға арналған арнайы тақырыптық номинация жарияланды. Бұл "Туған ел" номинациясы бойынша сыйақы 1,5 миллион теңге көлемінде белгіленді. Шығармаларды еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистерінен құралған Қазылар алқасы сараптайтын болады. Байқауға ұсынылған жұмыстар жанрға сәйкестік, ойлау дербестігі, авторлық ұстаным, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, көркемдік қиял мен шығармашылық көзқарас, эстетикалық әсер тереңдігі сияқты өлшемдер бойынша бағаланады.
Байқауға ұсынылған туындыларды бағалау әділдігі барынша жетілдірілген. Шығарма лақап атпен қабылданып, сараптау кезінде қазылыр алқасы шығармалар авторларының есімдерін білмейтін болады. Өтінімдер 2017 жылғы 1 шілде мен 1 қараша аралығында қабылданады. Жеңімпаздар есімі (сыйлық лауреаттары) 2017 жылдың желтоқсан айында жарияланады.