"Астана-2050" бағдарламасы әзірленеді

1310

Елбасы Бақыт Сұлтановқа Астананы дамытудың жаңа үлгісін құруды жүктепті.

"Астана-2050" бағдарламасы әзірленеді

Елорданың ғасыр ортасына дейінгі стратегиялық құжаты әзірленетін болды, деп хабарлайды abctv.kz.

Бүгін Астана қалысы әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде елорданың жаңа басшысы Бақыт Сұлтанов өзі осы лауазымға тағайындалғанда, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай міндет қойғанын білдірді. Оған елбасы Астананы дамытудың жаңа үлгісін құруды жүктепті.

"Мемлекет басшысы біздің алдымызға бірқатар басымдықты міндеттер қойды, оларды орындауды және жетістіктерге жетуді біз таяу арада қамтамасыз етуге тиістіміз! Қаланы дамытудың жаңа үлгісін енгізу, сондай-ақ инновацияларды ілгерілету мен креативті адамдар санын көбейту үшін қолайлы орта құру – 2050 жылға дейін қаланы дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын әзірлеуді талап етеді", – деп мәлімдеді Бақыт Сұлтанов.

Жаңа стратегияны құру жөніндегі тапсырманы Мемлекет басшысы 11 қыркүйек күні жаңа әкімді таныстыруға және алға міндеттер белгілеуге арналған қала активімен кездесуде берген екен. Сондықтан қалабасы қазіргі ахуалға кешенді түрде талдау жүргізіп, стратегиялық мақсаттарды анықтауды, қала болашағына қатысты болжам түзуді тапсырды.

Бұл ретте астаналықтардың өмір сапасын арттыру, қалалық ортаның үйлесімділігі, тұрақты экономикалық өсім, ресурстарды тиімді пайдалану және басқа да мәселелер талданады.

"Елорданың жаңа үлгісі бас қаланы "Астана" халықаралық қаржы орталығы базасында іскерлік қаржылық хаб ретінде дамытудан тұруға тиісті. Бұл бағыт туризм индустрия саласын кеңейту бойынша жұмысты жандандыруды талап етеді. Осыған байланысты іскерлік туризм саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жолға қоюды жүктеймін. Туристік қызметтер көрсету саласындағы сервистер сапасын халықаралық стандарттарға көтеру өте маңызды", – деді Бақыт Тұрлыханұлы.

Бақыт Сұлтанов биылғы жылы Астанада жалпы алаңы 2 миллион 300 мың шаршы метрден кем болмайтын көлемде баспананың қолданысқа берілуін қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді. Айта кету керек, 2018 жыл басталғалы бері елордада қазірдің өзінде 1 миллион 699,6 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылыпты.

"Мемлекет басшысы әкімдіктің жұмысы бес әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға бағытталуы керек деді. Осы міндеттерді атқару жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың ары қарай экономикасын дамытуға әсер етеді", – деді Бақыт Сұлтанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу