Британдық "British Lionhearts" командасына қарсы өткен жартылай финалдың алғашқы кездесуінде "арландарымыз" 4:1 есебімен жеңіске жеткен болса, сырт алаңдағы қарымта кездесуде де 3:2 есебімен басым түсті, деп хабарлайды egemen.kz.
Лондонда өткен бокс кешінің шымылдығын 52 килодағы былғары қолғап шеберлері ашты. "Арландар" сапынан алғаш шаршы алаңға Олжас Сәттібаев шығып, қарсыласы Дин Фаррелды 2:1 есебімен ұтты. Осылайша, "арландар" кездесуді жеңіспен бастады. Екінші кездесуде Зәкір Сафиуллин (60 кг) қарсыласы Чад Милнсды екі раундта екі рет нокдаунтқа жіберген соң, Чад жекпе-жекті жалғастырудан бастартты. 69 кило салмақта рингке шыққан Асланбек Шымбергенов "British Lionhearts" командасының үндістандық легионері Кумар Манодждан төрешілердің бірауыз шешімімен басым түсті. Ал, 81 килодағы Арман Рысбек WSB жобасындағы алты жекпе-жегінен кейін бірінші рет жеңіліске ұшырады. Ол Томас Уитаккер-Хартудан 1:2 (45:50, 49:46, 45:50) есебімен жеңілсе, аса ауыр салмақтағы дебютант Нұрсұлтан Аманжолов өзің алғашқы жекпе-жегінде ұтылып қалды. Аманжолов үшінші раундта нокдаунтқа түсіп қалған соң "арландар" бапкері алаңға орамал лақтырып, кездесуден бас тартты. "Астана арландары" мен "British Lionhearts" командалары арасындағы жартылай финалдық кездесу 7:3 есебімен қазақстандық команданың жеңісімен аяқталды.
Арландардың финалдағы қарсыласы 10-шы маусым күні кубалық "Cuba Domadores" пен колумбиялық "Colombia Heroicos" жекпе-жегінің жеңімпазы болмақ. Қос клуб арасындағы жартылай финалдың алғашқы кездесуінде колумбиялықтар 3:2 есебімен басым түскен болатын.