"Атамекен" ҰКП Төралқа төрағасы Қазақстандағы дипломатиялық миссия басшыларымен кездесті

1014

"Атамекен" ҰКП Төралқа төрағасы Қазақстандағы дипломатиялық миссия басшыларымен кездесті

КҰП басшысы Тимур Құлыбаев шетелдік елшілер мен дипломатиялық миссия қызметкерлерін Ұлттық палатаның 2016 жылы атқарған жұмыстарымен және 2017 жылы қолға алатын жұмыс жоспарымен таныстырды.

Тимур Құлыбаев, өз кезегінде, бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту үшін, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген 10 нақты қадам аясында жұмыс істеп жатқан "Атамекен" КҰП қызметіне кеңінен тоқталды. "Атамекеннің" төралқа төрағасы КҰП қызметіндегі келесі стратегиялық бағыттардың маңыздылығын атап өтті. Олар: кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, бизнес-ортаны жетілдіру, мемлекеттік қадағалау және тексеру жүйесін жандандыру, эспорттық-импорттық операцияларды жеңілдету.

Сонымен қатар, Тимур Құлыбаев, Ұлттық палатаның айрықша жобасы – Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасына баса назар аударды. Бүгінде карта қазақстандық бизнес өкілдері мен инвесторлар үшін, ақпараттық ресурс қызметін атқарып келеді. Сондай-ақ, оның көмегімен тауарды экспортқа шығарудың мүмкіндігі кеңейіп, қаржы көздерін іздеу жұмыстары жеңілдетілген. Аталған карта аясында қазақстандық кәсіпкерлердің 170 инвестициялық жобасы іріктеліп алынған екен. Осыған орай, Қазақстанның Ішкі сауда палатасы ("Атамекен" ҚР КҰП 100 пайыз еншілес мекемесі) аталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарту ісін қолға алмақ. Тимур Құлыбаев Қазақстандағы дипломатиялық миссия басшылары мен өкілдеріне, республиканың барлық өңірлерінде бірлескен кәсіпорындар құруға айрықша үлес қосқандары үшін алғыс білдірді.

"Атамекен" ҚР КҰП төралқа төрағасы белгілі бір саладағы шетелдік инвестиция құюға ыңғайлы бірқатар нысандарды жекешелендіру мәселесіне тоқталды. Бұл ретте, Тимур Құлыбаев бүгінгі таңдағы жекешелендіру екі жолмен жүзеге асырылатынын қадап айтты. Олар: аукциондарда сату және қаржылық нарық тетіктері арқылы инвесторларға сату. Ірі көлемдегі акция пакеттері Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында өткізілсе, ал қалған мемлекеттік коммуналдық мүлік аукциондар арқылы сатылымға шығарылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Т.Құлыбаев барлығына бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету басты мәселе екенін алға тартты. Сол себепті, жекешелендіруге мүдделі шетелдік инвесторлар аталған процеске қатыса алады деді басқарма басшысы.

"Жалпы Қазақстандағы бизнес-орта көрші елдермен салыстырғанда ең үздік орталардың бірі болып табылады. Сондықтан, біздің елде бизнесті жүргізу мүмкіндіктері өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда тиімді", – деді Тимур Құлыбаев.

Сонымен қатар, Қазақстанның Ішкі сауда палатасының (ІСП) Басқарма төрағасы Аян Еренов атқарылған жұмыс қорытындыларына тоқталып өтті. Мәселен, түрлі бизнес-қоғамдастықтардың хатшысы ретінде қызмет атқарған Ішкі Палата 2016 жылы 12 кездесу өткізген екен. Олардың арасында Ресей Федерациясы, Аустрия, Нидерланды, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония сынды өзге де мемлекеттер бар. Аян Ерепов, Қазақстанның ІСП-ның Еуроодақ, Қытай, Ресей, ЕАЭО, Түркия сынды маңызды бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуы  туралы да ақпараттармен бөлісті.

Бұдан бөлек кездесуде тараптар пікір алмасып, барлық қойылған сауалдарға жауап берді. Кездесуге қатысушылар соңғы жылы ҰКП бастамасымен бизнес пайдасына шешілген бірқатар оң шешімдер туралы жылы пікір білдірді. Оның ішінде: салық және кеден дауларын сотқа дейінгі аппеляциялық реттеу, әкімшілік кедергілердің барынша азаюы сияқты мәселелер де бар.  Сонымен қатар, бизнес-қоғамдастықтар, шетелдік инвесторлар мен бірлескен кәсіпорындардың пікірлері мен ұстанымдары ескерілген ҚР жаңа Салық кодексінің әзірленуі туралы да сөз қозғалды. Бұл ретте, аталған топ өкілдері заң жобасын талқылауға қатысады деп күтіліп отыр.

Дипломатиялық миссия басшылары, өз кезегінде, КҰП әкімшілік кедергілерді азайту қызметіне қатысты қызығушылық білдіріп, олар бақылау және қадағалау органдары тарапынан болатын тексерістерге, бизнес-климатты жақсартуға, шетелдік инвесторлар мүдделерін қорғауға қатысты сауалдар қойды.  Сондай-ақ, шетелдік әріптестер назарынан салық заңнамасының тұрақтылығы және салық дауларын соттан тыс реттеу жөніндегі мәселелер де тыс қалмады.  

Кездесу соңында КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев "Атамекен" және дипломатиялық корпус арасындағы ынтымақтастық одан әрі өз жалғасын табатынына сенім артып, қатысушыларға алғыс білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу