Қазақстандық суретші, "АТОМ Жобасының" құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков Аустрияда "Ядросыз болашақ" сыйлығына ие болды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
2018 жылы 24 қазанда Аустрияның Зальцбург университетінде "Ядросыз болашақ" сыйлығының (Nuclear-Free Future Award – NFFA) марапаттау рәсімі аясында қазақстандық суретші, халықаралық антиядролық қозғалысының белсендісі, "АТОМ Жобасының" Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков марапатталды.
Қазақстандық өкілмен қатар, Аустралия, Ұлыбритания, Франция және Аустрияның өкілдері де сыйлықтын иегерлері болып аталды.
Кәріпбек Күйіков – 2012 жылы Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев бастамашылық жасаған "АТОМ Жобасының" Құрметті елшісі. Жобаның миссиясы – ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу және барлық елдердің ядролық қаруды толық жоюға жаһандық қоғамдық қолдауды біріктіру.
"Ядросыз болашақ" сыйлығы 1998 жылы Франц Молл қорымен құрылды және антиядролық белсенділердің, ұйымдардың және қауымдастықтардың қызметін ынталандыруға бағытталған. Биылғы жылы сыйлықтың 20 жылдығы атап өтілуде.
Бұрын әлемнің 80-нен астам өкілдері мен ұйымдары аталған сыйлыққа ие болған, соның ішінде Қазақстаннан - Юрий Куйдин, фотожурналист, "Невада-Семей" ядролыққа қарсы қозғалысының серіктесі, Дүниежүзілік атом фотографтары гильдиясының мүшесі, ядролық тақырып бойынша көптеген фотоальбомдардың авторы.