"Бәйтерек" зымырандар кешені 2025 жылы құрылмайтын болды

821

"Бәйтерек" зымырандар кешені 2025 жылы құрылмайтын болды

"Бәйтерек" ғарыштық зымырандар кешенінің жұмысын бастау жоспары 2025 жылдан 2022 жылға ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Жоспар бойынша 2025 жыл еді. Біз қазір 2022 жылы құрылатындай жұмысты жеделдетіп жатырмыз", - деді ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов парламент мәжілісінің отырысынан кейін тілшілерге жауап бере отырып.

Министрдің айтуынша, биыл қазақстандық тарап техникалық-экономикалық негіздемені дайындап, 2020 жылға қарай "Зенит-М" старттық алаңының инфрақұрылымын жөндеуге кірісіп кетуі тиіс. 2022 жылға қарай Қазақстан барлық жүйені жаңғыртып, оны цифрлы форматқа ауыстыруға міндеттеледі.

"2022 жылдың жазына қарай біз қазақстандық тараптың жұмысын аяқтауымыз керек. Бұл алаңның өзіне, жіберу қондырғысына қатысты мәселелелер. Біз жіберу құндылығының иесі боламыз. Ресейліктер зымыранның қалпы мен пішінін, оның негізгі стандарттық өлшемдерін аяқтауы керек. Бұл толығымен экологиялық таза, жаңа зымыран болады. Келесі жылы олар конструкторлық жұмысты бастауы тиіс. Ал 2021 жылы ресейліктер зымыран бойынша барлық жұмысты - сынақты аяқтап, 2022 жылы жіберуге дайындауға тиіс", - деді министр.

Еске сала кетсек, "Бәйтерек" Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Ол "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы "Зенит" ғарыштық зымырандар кешенінің қазіргі инфрақұрылымында және келешегі зор ресейлік орташа кластағы тасығыш-зымыранда (ТЗ) дайындалатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу