Ақтөбе облысында "Барлығы үшін тегін кəсіптік техникалық білім беру" жобасы тиімді түрде жүзеге асырылуда. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Жанайдаровтың айтуынша, мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттердің үлесі 66%-ға дейін көбейген, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Колледждерде оқитын 27 090 студенттің ішінде 14 334 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде оқып жатса, соның ішінде 1085-і нəтижелі жұмыспен қамтуды жəне жаппай кəсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша білім алуда.
"Биылғы жылы еңбек нарығының қажеттілігі негізінде 4970 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы құрылды, оның 40%-ын жұмыс мамандықтары құрайды. 24 колледж бен 4 оқу орталығында 31 мамандық бойынша кысқа мерзімді курстар ұйымдастырылып, 4 438 адамның 82%- жұмысқа орналастырылды", - дейді Жасұлан Жанайдаров.
Айта кетейік, 2015 жылдан бастап 25 колледжде 34 мамандық түрімен 41 біліктілікті арттыру бойынша дуальды білім беру жүйесі енгізіліп, 160 кəсіпорынмен үш жақты 190 келісімге қол қойылды.
Бұл жүйе өз тиімділігін көрсетті: бүгінгі таңда колледжді дуальды оқыту жүйесі бойынша бітірген 207 студенттің 95%-ы жұмысқа орналастырылды.
Дуальды білім беру жүйесі енгізілген оқу орындарында мемлекеттік білім беру стандарттары толығымен жаңартылып, барлық мамандықтар бойынша 246 модульдік бағдарлама əзірленді.
"Осылайша біз оқу жүйесіне инновацияларды енгізуге жəне еңбек нарығын күшейтуге бағытталған техникалық жəне кəсіптік білім беру моделін жасау бойынша жұмыс жасаймыз. Айта кету керек, Ақтөбе ауылшаруашылық колледжі мен М.Мəметова атындағы медицина колледжінің "Жоғары Колледж" мəртебесін иеленгендері қуантып отыр. Сонымен қатар, Хромтау тау-кен техникалық колледжі халықаралық аккредитациядан өтті", - деді білім басқармасы басшысының орынбасары.