31 мамырда Бішкектен шыққан халықаралық "Болашақ энергиясы" керуені кеше Алматыға келіп жетті, деп хабарлайды 24.kz.
ЭКСПО көрмесі қарсаңында қазақстандық ғалымдар жасаған инновациялық технологияларды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған керуен Астана алаңында бір сағатқа аялдады. Жастармен жүздескен өнертапқыштар болашақ ғалымдардың сауалдарына жауап берді.
Өз ісінің шебері Жанболат Мұзбаев пен Диас Оралов – 2014 және 2016 жылдары өткен "Жасыл экономика – жаңа технология" ЭКСПО көрмесінің жеңімпаздары. Жел генераторы арқылы жүйткитін велосипед пен сутекті генератормен жүретін көлікті ойлап тапқан мамандар енді Астанаға аттанды. Диас Оралов, ұйымдастырушы:
- Жаңа инновациялық жобаларды Астанаға апара жатырмыз. Біздің мақсатымыз – ЭКСПО көрмесі арқылы әлемге көріну. Қазақстанда қандай дарынды ғалымдар бар екенін көрсетіп, жаңа иннвоциялық жобаларды таныстырамыз.