"Іле" оқу орталығының базасында өтіп жатқан "Дала қыраны – 2017" әскери тактикалық-арнайы бітімгерлік жаттығулары аяқталды, деп хабарлайды zhambylnews.kz.
"Дала қыраны-2017" шарасының салтанатты түрде жабылу рәсіміне барлық қатысушы елдер, соның ішінде әскери-дипломатиялық бөлімнің басшылары, НАТО-ның әскери сарапшылары, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания Біріккен Корольдігі, Түрік Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Қырғызстан Республикаларының Қарулы Күштері қатысты."Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне жолдауында Қазақстанның БҰҰ-ның бітімгерлік саясатын жетілдіруге өз үлесін қосатынын және ұйымның бейбітшілікті сақтау туралы миссиясына ат салысатын әскери қызметкерлердің қатарын көбейтетінін жеткізген болатын. Осыған байланысты, біз бітімгерлік дайындықтарымызды жалғастыра бермекпіз. Соның ішінде "Дала қыраны-2017" әскери тактикалық-арнайы бітімгерлік жаттығулары – негізгісі", - деді Қазақстан республикасының Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов.
Министр халықаралық "Дала қыраны-2017" әскери тактикалық-арнайы бітімгерлік жаттығуларын өткізу – қатысушы мемлекеттердің арасындағы достастықты арттыруға да көмектесетінін атап өтті.
Ал НАТО-ның достастық пен аймақтық қауіпсіздік басқармасының директоры генерал-майор Ян Тофт өз сөзінде шараның ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, НАТО-ның "Қазбат" қазақстандық бітімгерлік батальонының дайындық деңгейін жоғары деп бағалағаны туралы ресми мәлімдемесін оқыды. Айта кетейік, "Қазбат" оқу-жаттығулар кезінде "Жедел әлеует тұжырымдамасы" бағдарламасының стандарттарына сай екенін дәлелдеген болатын.
"Дала қыраны – 2017" тактикалық-арнайы бітімгерлік жаттығуларының екінші кезеңі 2017 жылғы 22 шілде мен 4 тамыз аралығында өтті.
Аталған оқу-жаттығу шаралары 2003 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді.
Оның негізгі мақсаты – бейбітшілікті қолдау және дағдарыс жағдайына ден қою, БҰҰ және НАТО жүргізетін операцияларға дайындық, Альянстың күштері мен құралдарымен жедел үйлесімділікке жету элементтерін пысықтау.