"Даму" қоры "Нұрлы жер" бағдарламасымен үй салатын құрылыс компанияларының несиелерін субсидиялауды бастайды. 2017 жылы республикалық бюджетте осы мақсатта 10,7 млрд теңге қарастырылған. 2018 жылы шамамен 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды "Даму" қорының баспасөз қызметі.
"Екінші деңгейлі банктер жеке компанияларға сыйақы мөлшерлемесімен несие береді. Ұлттық банк белгілеген мөлшерлеме жылына 16%. Оның 7 пайызын "Даму" қоры субсидиялайды. Құрылыс жүргізуші жақ қалған 9%-ын төлейді. Субсидия тұрғын үй ғимараттарын салумен айналысып жүрген кәсіпкерлердің жаңадан алатын несиелеріне беріледі. Бұрыннан тұрған ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, жаңартумен айналысатын компаниялар бұл санатқа кірмейді", – дейді "Даму" қоры субсидиялау департаментінің директоры Тоғжан Алмантаева.
Субсидия 36 айға дейін, ұзарту мерзімінсіз беріледі.
Бағдарламаның талаптары бойынша – құрылыс жүргізуші компания тұрғын үйлердің, кем дегенде, 50 пайызын "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы, шекті бағамен өткізуі керек.
Баға Астана мен Алматыда және осы қалалардың маңайында 260 мың теңгеге дейін. Басқа өңірлерде 220 мың теңгеге дейін. Бұл баға таза әрлеу жұмысы жүргізілген пәтердің 1 шаршы метріне көрсетілген. Жеке үйдің құрылысы барысында 1 шаршы метрдің құны 120 мың теңгеден аспайды.
Сонымен қатар осы бағдарлама аясында халықтың "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ арқылы екінші деңгейлі банктен алған ипотекалық тұрғын үй несиесінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау да қарастырылған.