Бүгін Тараз қаласында орналасқан "Фабрика ПОШ-Тараз" ЖШС-ның жұмысшылары ереуілге шықты. Даудың басы – өткен жылдың қараша айынан бастап ала алмай жүрген жалақылары. Айлап айлық алмаған халықтың одан басқа амалы қалмаған. Сорақысы, кәсіпорын басшылары жалақысын даулаған жұртты табалдырықтан аттатпай, онсыз да жүйкесі жұқарған елдің ызасын тудырды, деп хабарлайды abctv.kz
Мал жүнін жуып, өнімін шет ел өткеретін серіктестік жұмысшыларын көбіне маусымдық жұмысқа шақырылады. Ал жалақы дауы бұл кәсіпорында бірінші рет болып тұрған жоқ. Өткен жылы да осындай келеңсіздік орын алған болатын.
"Маусымның, желтоқсанның айлығын күнде ертең күнде ертеңмен жүрміз. Міне балалар оқуға бару керек. Жолға күніге ақша төлейміз. Заттың бәрі қымбаттап жатыр. Сонда біз не істеуіміз керек?", - деп ашынады кәсіпорын жұмысшысы Саватхан Мұстыбекова.
"Қараша айында көбісі жалақы алмаған. Желтоқсан айы бар. Сортировка жұмыс істеп жатыр, біздің цех бар. Ремонт болып жатыр. Жұмысшылар соған қарамастан істеп жатыр. Ал біздің шыдамымыз бітті", - дейді айлығын ала алмай жүрген Айгүл Асқарова атты жұмысшы.
Серіктестік 50-ге жуық қызметкеріне 12 миллион теңгеден астам берешегі бар екен. Тамыз айынан бастап өнеркәсіпті жартылай жаңа қожайындар сатып алғандықтан, жұмысшылар бұрынғы айлықтарын ала алмай қаламыз ба деп алаңдайды.
"Фабрика ПОШ-Тараз" ЖШС-ның қаржы жөніндегі директоры Бауыржан Найзақұлов: "Бірінші тамыздан бастап жаңа қожайынбыз. Осы өндіріс орынына келгенбіз. Бұрынғы иесі Момышев мырзадан біз бақылау пакетін алғанбыз. Бүкіл қарыздың бәрі Момышевтікі. Ол кісі айтқан бәрін жабамын деп", - деген түсінік береді.
Осылайша кәсіпорын басшылығы ел алдындағы қарызды тағы ертеңгі күнге қалдырып отыр.