Павлодар облысындағы "Химпром" АҚ зауытының астында 1000 тоннадан астам сынап жатыр. Бұл туралы экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің 11-отырысында экологиялық технологиялар жөніндегі құзірет орталығының директоры Ахан Өмірбек мәлім етті.
"Павлодарда кеңес үкіметі тұсында "Химпром" химиялық зауыты жұмыс істегенін барлығыңыз білесіздер. Алып кәсіпорын ол кезде сынапты пайдалану арқылы адам баласына аса зиянды xимиялық заттар шығарған. Бірақ ол кезде теxникалық ережелер сақталмағаннан кейін көп мөлшердегі сынап қалдығы жер астына кіріп кетті. Қазір сол зауыттағы №31 цехтың астында 1000 тоннадан астам сынап жатыр. Зиянды қалдықтарды жою мәселесі 20 жылдан бері қарастырылғанымен ешқандай нәтиже шықпай отыр", – дейді Ахан Өмірбек.
Орталық басшысының айтуынша, жуырда осы мәселені біржақты ету үшін арнайы тұжырымдама құрылып, жер астына жиналған көп мөлшердегі сынап қалдықтарын жоюдың нақты жолы ұсынылған. Шара барысында экологиялық ұйымдардың, басқа да тиісті мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын өкілдері және осы мәселені зерттеп жүрген ғалымдар өз ұсынысын айтты.
Ендігі кезекте жер астындағы сынапты жою үшін атқарылатын жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қажетті қаражат анықталмақ. Экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Арын Өрсәриевтің айтуынша, облысымызда экология саласында атқарылып жатқан жұмыс жемісін беріп отыр.
"Облысымызда табиғатты қорғау, экологиялық мәселелерді шешу бағытындағы жұмыс нәтижесін беріп отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, соңғы бес жылда аймақ тұрғындарының өмір сүру жасы 3 жылға артып, 71,3 жасқа жетті", – дейді Арын Өрсәриев.