"Иволга-Холдинг" және "ҚазЭкспортАстық" мәселесінің шешімі наурызда мәлім болады

870

"Иволга-Холдинг" және "ҚазЭкспортАстық" мәселесінің шешімі наурызда мәлім болады

Қарызгерлер алдында қыруар қарызы бар екі ірі аграрлық холдингке қатысты шешім үстіміздегі жылдың наурызында белгілі болмақ. Бұл туралы  ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті, деп хабарлайды LS.

"Бүгінде екі холдингтің ірі көлемде берешегі бар. Олар үш облыстың аумағында орын тепкен. Олар - Қостанай облысындағы  "Иволга-Холдинг" және Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс жүргізетін "ҚазЭкспортАстық", – деп атап өтті Қайрат Айтуғанов.

Айта кетейік, "Иволга-холдинг" құрамына  22 үлестес компания, ал "ҚазЭкспортАстық" құрамына  30-дан астам кәсіпорын енеді.

Айтуғановтың айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы министрлігі аталған бағытта үлкен жұмыс атқарып жатыр.

"17 қаңтарда комиссия құрылды, дегенмен бұл мәселемен жаңа жылға дейін де жұмыс жүргізгенбіз. Комиссия мүшелері үш облысқа барып, талдау жүргізді. Жағдайды сараптау жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондықтан нәтижесі бірінші наурызға дейін дайын болады, сол кезде аталмыш холдингтердің тағдыры жөнінде егжей-тегжейлі жауап бере алатын боламыз", – деп нақтылап өтті Айтуғанов.

Вице-министрдің түсіндіруінше, холдингтердің әрбір кәсіпорнының қарызы есептеледі.

"Бұл негізінен екінші деңгейлі банктер алдындағы ақшалай қарыз. Бұл жағдайдан шығу үшін жұмыс істеп жатырмыз", –  деп түйді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 3 ақпанда мемлекет басшысының қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Нұрсұлтан Назарбаев қиын жағдайға тап болған екі холдингтің жағдайымен танысып, мәселені жақын арада шешуді тапсырған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу