"Қара" тізімдегі жолаушыларға ұшуға тыйым салынатын болады

1026

"Қара" тізімдегі жолаушыларға ұшуға тыйым салынатын болады

"Эйр Астана" әуе компаниясының өкілдері бұзақы жолаушылардың ұшақтағы қауіпсіздікке қаншалықты нұқсан келтіретіні туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Статистикаға сүйенсек жыл басынан бері жолаушылылардың бұзақылық әрекеттерге жол беруі 140 рет тіркелген. Ал, әуе компаниясы ашылғалы бері 3614 адам жолаушылардың тыныштығын бұзған. Әлемдік стандарттармен салыстырғанда бұл өте жоғары көрсеткіш.

Әуе компаниясы өкілдерінің айтуынша, ұшу кезінде кейбір жолаушылар темекі шегеді, балағат сөз айтып, ұшу инструкциясына қарсылық білдіріп, телефонды пайдаланады.

"Бұзақылық әрекеттері жолаушылар мен экипаждың өміріне қауіп тудыруы мүмкін. Сондай-ақ алдын ала жоспарланбаған қону жағдайлары әуе компаниясын шығынға ұшыратады. Бортсеріктер бұзақыларға алдымен ескерту жасайды, ескертуді елемеген жағдайда олар әкімшілік жазаға тартылады. Тіпті, ұшақты шұғыл жерге қондыру қажет болатын кездер де кездеседі", - деді компания өкілі Ғалия Төлепбергенова. Оның айтуынша, көбіне Алматы-Тбилиси-Алматы, Алматы- Дубай бағытындағы рейсте темекі шегетіндер өте көп болады.

Биылдың өзінде 11 адам 2-деңгейден жоғары санаттағы бұзақылық жасаған. Өткен жылдары 23 адамға ескерту жасалған болатын.

"Жыл басынан бері бұзақылардың кесірінен 14 рейс тоқтатылды. Бір рейстің ұша алмай қалуының салдарынан 10-200 мың долларға дейін шығын келеді. Өйткені, діттеген жеріне жетпеген соң ұшақ келесі рейске кешігіп шығады. Осының салдарынан ұшу жоспары бұзылады", - деді "Эйр Астана" компаниясының заң мәселесі бойынша вице-президенті Ербол Оспанов.

"Әуе компаниясы қазіргі таңда деструктивті қылық көрсеткен 23 адамды "қара" тізімге енгізген. Ол адамдар тәртіп бұзуын қоймаса, келесі жолы ұшаққа қабылдамай қоюға құқылымыз", - деді олар.

Айта кету керек, әуе кемесі командирінің айтқанын орындамаған адамға 3 АЕК есебінде айыппұл, ұялы телефон қолданған адамға - 5 АЕК, ұсақ бұзақылық жасаған адамға - 10 АЕК немесе 10 тәулікке қамалады.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу