Бүгін Жетісай қаласындағы орталық саябақта "Қауын фест" облыстық фестивалі өтті, деп хабарлайдыТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Тұңғыш рет өткізіліп отырған фестивальге облыстың аудандары мен қалаларынан және өзге өңірлерден де қонақтар келіп қатысты.
Фестивальдің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің ауыл шаруашылығы саласының потенциялы жоғары екеніне тоқталды.
"Облысымызда өсірілетін бақша дақылдарының 40 пайызға жуығы егістік алқаптарында қалып қояды. Диқандардың еңбегі еш кетіп жатыр. Сондықтан біз бақша өнімдерін терең өңдеу саласына аса мән бергеміз жөн. Осы мақсатта қауын мен қарбыздың отаны саналатын Жетісай және Мақтаарал аудандарында бақша өнімдерін терең өңдеумен айналасытын шағын кәсіпорындар мен цехтарды іске қосуымыз қажет. 2018 жылы Түркістан облысында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында атқарылатын жобалар мен іс-шаралар қайта қаралып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мен ұмытпауға негізделген болатын. Соның нәтижесінде биылдан бастап облыстың әр аймағында ауқымды шара өткізу және оларды дәстүрге айналдыру қолға алынды. Бүгінгі облыс тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған "Қауын фест" облыстық фестивалі сол игі бастамалардың жалғасы. Алдағы уақытта жыл сайын тамыз айында "Қауын fest" фестивалін, "Қауынқақ", "Қауында да қауын бар", "Қарбызды Оңтүстікте дарбыз дейді" сияқты байқаулар мен жәрмеңкелер ұйымдастырамыз", — деді облыс әкімі.
Бұл фестивальге Жетісай және Мақтаарал аудандарынан бөлек, облыстың өзге қала, аудандарынан қауын-қарбыз егумен айналысатын шаруалар жиналды. Олар қауынның 27 түрінен 30 тонна көлемінде қауын әкелді.
Сондай-ақ, шара аясында тосап дайындаушылар сайысы, "Ең үлкен қауын", "Ең дәмді қарбыз", "Ең тәтті тосап", "Ең үздік бақша өнімдерін ұсынған ауыл әкімдігі" атты номинациялар бойынша жарыстар ұйымдастырып, бас жүлдеге "темір тұлпар" тарту етті. Шараға Жетісай ауданының 9 ауыл округі әкімдігі мен облыстың 8 аудан, қалаларынан бақша дақылдарын өсіретін ірі шаруа қожалықтары шақырылған.
Облыс тұрғындарын бақша өнімімен артығымен қамтамасыз еткенімен, аталған дақылдардың өнімін қайта өңдеу кәсіпорындары жоқтың қасы. Оның үстіне бүгінде қауынқақ, қауынқұрт әзірлеу секілді далалық әдіс-тәсілдер ұмыт болып бара жатыр. Биылғы фестиваль арқылы ұмытылған кәсіптер қайта жанданбақ.
Биыл түркістандық шаруалар жалпы 61,4 мың гектар жерге қауын мен қарбыз еккен. Оның ішінде бақша дақылдарын жинаудан жыл сайын рекордтық көрсеткішке қол жеткізетін Жетісай мен Мақтаарал аудандарында 19 500 гектарға қауын, 7 564 гектарға қарбыз егілген. Түркістан облысының диқандары осы жылдың 7 айында Ресей, Беларусь Республикасы, Латвия, Германия сынды елдерге 80 мың тоннадан астам қауын бен қарбыз экспорттады. Соның ішінде Ресей мемлекетінің нарығына 60 мың тоннадан астам бақша дақылы шығарылған.