"Қазақстан Барысына" қатысатын балуандар рейтинг бойынша іріктелуі мүмкін. Бұл туралы бүгін қазақ күресінен "Қазақстан Барысы" VII республикалық турниріне орай Астанада өткен баспасөз мәслихатында "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Болашақта балуандар рейтинг бойынша қатысуы мүмкін. Қазір кейбір облыстарда қазақ күресі қатты дамып келе жатса, кей өңірлерде жағдай мәз емес. Олар "Қазақстан Барысына" жыл сайын қатысқанымен, ешқандай нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Сол үшін балуандардың рейтингіне қарай талдау жасауға көшуіміз мүмкін", – деді ол.
Сонымен қатар Арман Шораев "Қазақстан Барысына" қазылық ететін төрешілер жарыс алдында қорға ақша төлейтінін мәлім етті.
"Қазақстан Барысында" 6 төреші қызмет етеді. Олар жарысқа дейін "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қорына 200 мың теңге көлемінде қаржы өткізеді. Егер төреші әділ қазылық жасаса, әділдігі үшін өзі берген ақшаға 300 мың көлемінде сыйақы қосып алады. Ал біреуге бүйрегі бұрып, бармақ-басты әрекеттерге барса, ақшасы қордың есебіне өтеді. Сонымен бірге тиісті жазаға тартылады", – деді А.Шораев.