Сыртқы істер министрлігінде "Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен" атты төртінші халықаралық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауды ҚР СІМ және Қазақстанның бас редакторлар клубы бірлесіп өткізді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Әзербайжан, Израиль, Италия, Канада және Корея республикасының авторлары байқау жеңімпаздары атанды.
Жеңімпаздарды құттықтай отырып, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов заманауи қоғамдағы кәсіби журналистиканың маңызды рөлін атап өтті. "Ол көпшіліктің ой-пікірін қалыптастыратын, іске қозғалтатын күш болып танылады", - деді ол. Бұл саланың жоғары деңгейін, шығармашылығын, әділдігін әрі бейтараптылығын қолдауды министрлік өзіне абырой санайды. Қайрат Әбдірахманов шетелдік журналистерді Қазақстанда "Үшінші жаңғыру" шеңберінде атқарлып жатқан саяси және экономикалық реформалар, сондай-ақ "Рухани жаңғыру" бағдарламасының басымдықтары туралы хабардар етті.
Байқау туралы айта келіп, ҚР сыртқы істер министрі биылғы жылғы өтініштер санының көбейгенін атап өтті: әділқазылар алқасы 29 елден 83 жарияланым алды. Көбісі Астанадағы "ЭКСПО-2017" көрмесіне арналды. Бұл шетелдік БАҚ-тардың халықаралық көрмеге деген үлкен қызығушылығын растайды. Осы жылдың шілде айында бес өңірдің әрқайсысынан байқаудың бір жеңімпазы анықталды.
Әзербайжандық "1news.az" ақпараттық агенттігінің тілшісі Парвана Султанова ТМД және Балтық елдерінің авторлары арасынан жеңімпаз болып таңдалды. Еуропа елдерінен жарысқа қатысқандардың арасынан үздік мақаланы "Vocal Europe" тілшісі, Италия азаматшасы Илария Капитанио жариялады. Американдық авторлар арасында "Wildlives.co" ресурсында мақала жариялаған Томас Тейлор жеңімпаз атанды. "The Korea Herald" газетінің тілшісі Джоэл Ли Азия, Аустралия және Океания елдерінің авторлары ішінен жеңімпаз болып таңдалды. Таяу Шығыс пен Африкадан "The Jerusalem Post" газетіндегі мақаласы үшін израильдік Уди Шахам жеңімпаз жарияланды.
Мадақтама мен естелік кәдесыйларға қоса, жеңімпаздар Қазақстанға, атап айтқанда Астана, Алматы және Бурабайға сапармен марапатталды. Сапар барысында қонақтар "ЭКСПО-2017" көрмесіне бару, Қазақстанның мәдени және тарихи нысандары мен еліміздің заманауи сәулет өнерімен, көркем табиғатымен танысу мүмкіндігіне ие болады. Марапаттау салтанатында Қ. Әбдірахманов журналистердің Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін байқау серіктестеріне шынайы ризашылығын жеткізді.
Жеңімпаздарды Астана қаласында тіркелген Әзербайжан, Канада, Италия және Корея республикасы дипломатиялық миссияларының басшылары мен лауазымды өкілдері де құттықтады.