"Қазақстан" ұлттық арнасы көктемгі маусымды жаңа жобалармен бастайды

1265

"Қазақстан" ұлттық арнасы көктемгі маусымды жаңа жобалармен бастайды

"Қазақстан" Ұлттық арнасы көктемгі жаңару маусымында көрермендерге тың және жаңашаланған жобалар, оның ішінде ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар, отандық төл телехикаялар және ойын-сауықтық бағдарламаларды ұсынады, деп хабарлады телеарнаның баспасөз қызметі.

Таңғы "Таңшолпан" бағдарламасы бүгіннен бастап жаңа форматта жаңа жүргізушілермен эфирге шықты. Енді таңғы эфир бұрынғыдан да көңілді әрі танымды болмақ. Таңғы бағдарламаның жаңа жүргізушілері – Данияр Есен, Баян Бақкелді, Ирина Тен және Дәулет Бижанов.

Бүгіннен бастап "Қазақстан" Ұлттық телеарнасындағы жаңалықтар жаңа форматта әрі "Басты ақпарат" деген жаңа атаумен эфирге шығады. Жаңалықтар легі өзгеріп, елімізде және әлемде болып жатқан өзекті жаңалықтарды объективті түрде беруге акцент қосады. Еліміздің басты жаңалықтарын танымал журналистер Қымбат Досжан мен Данияр Меңлібеков жүргізетін болады. Ақпараттық-сараптамалық блок "Басты тақырып" атты күнделікті жобамен толығады. Жоба авторлары хабар барысында күннің негізгі жаңалықтарын егжей-тегжейлі қарастырады. Бағдарламаны Мейіржан Әлібек жүргізеді. 

Ал, әлеуметтік-сараптамалық "Мәселе" бағдарламасының журналистері өз зерттеулерін жүргізіп, студия қонақтарымен бірге еліміз бен шет мемлекеттерде болып жатқан ірі оқиғаларға сараптама жасайды. Бағдарлама тізгіншісі Нартай Аралбайұлы өзекті мәселелерді қарастырып, қоғамда орын алып отырған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу жолдарын іздейді.

25 наурыздан бастап сенбінің кешінде жаңа музыкалық "Ән салады мамандар" жобасы эфирге шығады. Аталмыш жобаның ерекшелігі сол, жобаға қатысушылардың музыкаға еш қатысы жоқ, әр саланың мамандары. Алайда, олардың барлығы ән салғанды ұнатады әрі музыкаға бейім. Жоба барысында қатысушылар ән салудан сайысқа түсіп, өз мамандықтарының ерекшелігімен де бөлісіп отырады. Музыкалық сайысты білікті қазылар алқасы бағалайды. Әр қатысушыға өзінің "жұлдызды" тәлімгері көмектеседі. Жоба ел арасында жоғары танымалдылыққа ие болады деген үміт бар, себебі, әркім өзінің әріптесіне жанкүйер болады.

20 наурыздан бастап, балалардың демалысы кезінде телеарнаның кішкентай көрермендеріне арналған "Дисней" компаниясының үздік анимациялық фильмдері қазақ тілінде сөйлейді. Айта кету керек, барлық мультфильмдер "Қазақстан" телеарнасының көмегімен соңғы технологияларды қолдана отырып дыбысталған. Алғаш рет халықтың сүйіктісіне айналған мультфильм кейіпкерлері түрлі дауыста қазақша сөйлемек. Себебі, дыбыстауға 10-ға тарта дубляж актерлері тартылған. Мультфильмдердегі музыкалық безендіру оркестрмен сүйемелденген, ал, әндерді дубляж актерлерінің өздері орындайды.

Сенбі күндері телеарна эфирінде жекеменшік киностудиялар түсірген отандық заманауи көркем фильмдер легі көрсетілетін болады. Бүгінгі таңда отандық киноөндіріс қарқынды дамып келеді. Жыл өткен сайын прокатка шыққан қазақстандық фильмдер саны артуда. Бұл фиьмдер көрермен арасында кең танымалдылыққа ие болуда. Оған халыққа толы кинотеатрлар дәлел. Мұндай көрсетілім отандық кинотуындыларды қолдау әрі көрермендердің қазақстандық заманауи фильмдерді көруіне жол ашу негізінде жасалып отыр.

"Қазақстан" телеарнасы бірнеше жыл көлемінде төл телехикаяларын түсірумен айналысып келеді. Бұл өз кезегінде отандық киноөндірістің дамуына қосқан үлес болып саналады. Телехикаяларда қазіргі заман көрінісі әр қырынан қамтылған, сондықтан да көрерменге жақын.

28 наурызда "Көзайым" телехикаясы эфирге жол тартады. Хикаяның мақсаты – екі отбасы арасында өрбитін оқиғалар негізінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатысты маңызды сұрақтарды қозғай отырып, елдің экономикалық өсімін, мәдени, әлеуметтік жетістіктерін насихаттау.

Сонымен қатар, жақын күндері "Сүйе білсең..." атты телехикая эфирге шығады. Ондағы  мақсат – спорттың үлкен өмірге жол ашатын, өзіңе және туған еліңе деген сенім бітіретін жолдама екенін жеткізу. Футбол командасы арқылы жастар арасындағы мәселелерді көрсетіп, аудиторияға жаңаша серпін беру.

2017 жылы прайм-тайм уақытта отандық телехикаяларға арналған жеке уақыт бөлінбек.

Әр сенбі сайын телеарна эфирінде әлемнің үздік өндірушілерінің қолынан шыққан көркем фильмдер көрсетілетін болады. Сенбілік кешті комедия, фэнтэзи, блокбастер, мелодрама сынды ең танымал жанрлардағы отбасылық фильмдер бастайды.

Түнгі эфирді зияткерлік кинолар – қатарында киножүлде лауреаттары, танымал режиссерлердің картиналары, ескірмейтін классика және заманауи бестселлерлер бар әлемдік кинематографтардың шедеврлері толтырады.  18 наурыздан бастап соңғы жылдардағы ең үздік британдық сериал Бенедикт Камбербэтч басты рөлді сомдаған "Шерлок" туындысы эфирге шығады.

Танымдық жоба аясында берілетін зияткерлік кино қазақ тіліндегі субтитрлермен ағылшын тілінде көрсетілетін болады. Түпнұсқа негізінде көрсету – көрермендерге сүйікті актерлерінің шынайы дауысын естуге, сондай-ақ, фильмнің атмосферасына түбегейлі еніп, ағылшын тілін үйден шықпай-ақ үйренуге мүмкіндік береді.

22 наурыздан бастап "Тең мүмкіндіктер уақыты" атты деректі тележурнал эфирге шығады. Бағдарлама қазақстандық бизнестің үздік жобалары мен success story турасында әңгіме өрбітеді.  Негізгі мақсаты – елде бизнесті өркендетуге барынша жағдай жасалғанын, мемлекет орта және шағын бизнесті "экономиканың негізгі тірегі" ретінде санап, оның дамуына зор маңыз беріп отырғанын, бизнес бұл – әлеуметтік жауапкершілік сала екенін, сондай-ақ, кәсіпкерлік бағытта креативті және пысық әрі отансүйгіш адамдардың қызмет ететінін көрсету.

Сонымен қатар, жаңа сайт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сайт жаңа дизайнмен ерекшеленіп, пайдаланушыларға барынша түсінікті әрі жарқын түстерге толы болмақ.

Негізгі артықшылық: беттердің жүктелу жылдамдығының жоғарылығы, сайттан ақпарат іздеу жүйесінің ыңғайлылығы. Сондай-ақ, "Қазақстан" телеарнасының барлық қолданушыларына ыңғайлы әрі қарапайым болатын жаңа мобильді қосымшасы жасалады. Кез-келген адам телеарна жобаларын онлайн-режимде тамашалай  алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу