"Қазпошта" АҚ Павлодар облыстық филиалы ХҚКО-мен бірлесіп, дайын құжатты үйге жеткізу қызметін көрсете бастады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы ХҚКО департаментінің директоры Жаннат Нұржауованың айтуынша, дайын құжатты үйге жеткізу қызметі 2017 жылдың ақпан айында қолға алынған.
"Бүгінге дейін Павлодар қаласында 22 құжат жеткізілді. Оның қатарында баланың туу туралы куәлігі, ерлі-зайыптының неке қию туралы куәлігі, жылжымайтын мүлікті тіркеу анықтамасы секілді мемлекеттік мекемеде дайындалатын құжаттар бар. Мемлекеттік орган дайын құжатты халыққа қызмет көрсету орталығына жеткізеді. Ал құжатты азаматтың мекенжайына жеткізіп беру – "Қазпошта" қызметкерлерінің міндеті. Ал, паспорт, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі сынды құжаттар бұл тізімге әзірге кірген жоқ. Өйткені оған әлі орталық аппараттан рұқсат берілмеді", – дейді Жаннат Нұржауова.
"Қазпошта" АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Қайрат Сағадиевтің айтуынша, жеткізу қызметі ақылы.
"Облыс орталығындағы тұрғынның бір құжатын үйге жеткізу ақысы – 500 теңге. Ал шалғай ауылдар мен аудандарға апару қызметінің құны – 600 теңге. Ауыл азаматтарына жеткізілетін мекенжайдың алыстығына байланысты ең көп дегенде бес күнде қолына тигіземіз", – дейді Қайрат Сағадиев.