"ҚазТрансГаз" шығынын тұтынушының қалтасынан өндіруді көздеп отыр

1016

"ҚазТрансГаз" шығынын тұтынушының қалтасынан өндіруді көздеп отыр

Шымкентте жаңа жылдан бастап табиғи газ қымбаттауы мүмкін. Коммуналды сала қызметкерлері табиғи отынның құнын көтеруді сұрап отыр, деп хабарлайды otyrar.kz.

Бүгін Шымкентте тарифті көтеруге қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Қоғамдық тыңдау қызу пікіріталасқа ұласты. "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ өкілдері қаңтар айынан бастап тарифті 4 теңгеге көтеруді ұсынып отыр. "Оған себеп көп, шығын шаш-етектен", - дейді дейді мекеме өкілдері. Айтуларынша, газ тасымалдау бағыты бойынша бүгінде өңірде маман тапшылығы байқалады. Осынау мәселені олар тұтынушының қалтасынан өндіруді көздеп отыр.

Бұл жаңалық, әлбетте, халық қалаулыларының қытығына тиді. Жаңа тарифті естіп өре түрегелген депуттатардың айтуынша, ең қымбат газ онсыз да Оңтүстікте. Соңғы 10 жылда бағасы жүз еселеп қымбаттаған табиғи отынның сапасы мардымсыз дейді депутаттар.

Әдетте тариф мәселесі көтерілетін қоғамдың тыңдауда халық қалаулыларының ғана наразылығы байқалатын. Бұл жолы әкімдік өкілдері үнсіз қалмады. Негізсіз тарифке шенеуніктер де қарсылығын білдірді.

Осылайша бүкіл шығындарын жіпке тізгендей жеткізген "ҚазТрансГаз" мекемесі өкілдері ендігі жерде ұсыныстарын тиісті комитетке жолдамақ. Ұсыныс негізді деп табылса, жаңа жылдан бастап онсыз да қымбат газ тұтынатын күнгей жұртшылығы табиғи отын үшін тағы да шығындалатын түрі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу