Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында "Кейкі мерген" тарихи-драмалық телехикаясы "Qazaqstan" ұлттық телеарнасынан көрсетіледі, деп хабарлайды ortcom.kz.
"Көрерменге мереке қарсаңында ұсынатын ең үлкен жобаларымыздың бірі – 16 эпизодтан тұратын "Кейкі мерген" тарихи-драмалық телехикаясы. Бұл телехикаяны Мұрат Бидосов режиссеріміз түсірді. Тарихи кеңесшілеріміз болып Берік Әбдіғалиұлы және өлкетанушы Шөптібай Байділдин көмектесті. Бұл жобаны талқылау барысында бірнеше рет көркемдік кеңес, сарапшылар кеңесін өткіздік. Сценарийін жазуға белгілі драматург Дулат Исабеков көмектескен болатын.Үлкен, қиын жоба болды. Дегенмен өткен жылы жоспарлап, биыл жүзеге асырдық", - деді "Қазақстан" РТРК" АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин.
Тарихи телехикая 15-18 желтоқсан аралығында 4 серия қатарынан көрсетіледі.
Оқиға желісіне тоқталатын болсақ, 1900-1922 жылдар аралығындағы тарихи кезең бейнеленеді. XX ғасырдың басындағы сәл де болса ырысы шайқалмаған қазақы ауыл, дәстүр мен салтқа, дін мен ділге берік халық ортасынан бастау алады. Бас кейіпкер Кейкінің аңшылығы, "сегіз қырлы, бір сырлы" жігітке тән мінезі, достығы, махаббаты көрініс табады. Дегенмен, бұл бейбіт күннің де ақыры жақындап, тықыр таянған мезгіл еді. Ояз билігіне қарайтын болыстар арасындағы кішігірім жер, құн дауы, барымта мен қарымтадан биік мәселелер бой көрсете бастайды. 1916 жылғы патша жарлығы, одан кейін Ақпан төңкерісі, іле-шала орын алған Қазан төңкерісі қазақ даласына сан қилы оқиғаларды алып келді. Осындай дүрбелең дүниеде "елім деп" қана атқа қонған Кейкінің тартысқа толы ғұмыры, жұрттың екіге жарылып аласапыран болған кезең көркем туынды оқиғасының негізгі арқауы болмақ.