Вьетнам теміржолшылары "Қорғас-Шығыс қақпасы" АЭА нысандары мен Алтынкөл станциясында болды, деп хабарлайды "ҚТЖ! ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
"Вьетнам теміржолдары" МК бас директорының орынбасары Фан Куок Ань бастаған делегация Алматыда өтіп жатқан Теміржолдар ынтымақтастығы Одағы (ТЖЫО) кеңесі аясында АЭА нысандарын аралады.
Вьетнам теміржолшылары Құрғақ порт, логистикалық және индустриялық аймақ, мониторингілік орталық, жеңілдіктер мен преференциялар, көлік логистикалық хаб мүмкіндігі, Алтынкөл – Қорғас шекаралық өткелі жұмысымен танысты.
Фан Куок Ань "Қорғас-Шығыс қақпасы" АЭА мүмкіндігін, қазақстан-қытай теміржол шекаралық өткелі жайын жоғары бағалап "Шығыс Азия мен Еуропаны жалғайтын хабтың болашағы зор екендігін" атап өтті.
Делегация басшысының айтуынша, "АСЕАН елдерінен Еуропаға Қытай, Қазақстан аумағы, әсіресе Қорғас арқылы транзиттік тауарларды өткізуді қалайды". Вьетнам ЕЭО елдерімен еркін сауда айналымы туралы ресми Келісімге қол қойған. Бұл өз кезегінде тауарлардың Шығыс және Батыс Еуропа елдерінен жеткізілуін жеңілдетеді.
Оның айтуынша, биылғы жылдың өзінде Вьетнам тауарлары Қорғас арқылы Қазақстанға одан әрі Орталық Азия елдері және Еуропаға шығады.
"Біз қазақстандық астықты және басқа да тауарларын құрлықпен теміржол көлігімен Ляньюньган портынан түсірмей-ақ, Ханойға жеткізуді жоспарлап жатырмыз. Биылғы жылы алғашқы қанатқақты пойызын шығарып, одан кейін тұрақты жүргізетін боламыз",-дейді Фан Куок Ань.
Қазақстан, Қытай, Вьетнам аумағымен транзиттік тасымалды Дундань (ВСР) – Пэнсэн (ҚХР) – Достық және Алтынкөл (ҚР) шекаралық өткелдері арқылы жіберудің болашағы зор.
"Бізге Вьетнам нарығы өте тартымды. Контейнерлік пойызға басымдық береміз. Яғни, Жолдауда айтылғандай, транзиттік және контейнерлік тасымалды дамытуға мүдделіміз", – дейді "ҚТЖ" ҰК" АҚ президентінің кеңесшісі Аманжол Ибрагимов.
Атап өтерлігі, биылғы 20 ақпанда Ханойда Компания басшысы Қанат Алпысбаев Вьетнам көлік министрі Чыонг Куанг Нгия және "ВТЖ" МК бас директоры Ву Та Тунгпен кездесіп, көлік саласындағы өзара серіктестікті дамыту туралы пікір алысып, екі елдің теміржолдары әкімшіліктері арасында серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.