№393Ц Алтынкөл-Алматы-2 жолаушылар пойызының кестесі өзгерді, деп хабарлайды railways.kz.
Бүгіннен бастап пойыз Алтынкөлден 22 сағатта шықса Алматыға түнгі 4 сағат 17 минутта келеді. Бұл шара өз кезегінде "Қорғас" Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында (ХШЫО) болушыларға қолайлы жағдай жасаудан туындап отыр.
"Соңғы жылдары "Қорғас" ХШЫО" көруге баратын туристердің дені теміржол көлігін пайдаланады. Сондықтан біз теміржол көлігі қызметін тұтынушылардың сұранысын ескердік. Ендігі жерде туристер пойызға кешігіп қаламын деп ойламайды",-дейді "Қорғас" ХШЫО" АҚ президенті К. Жазин.
2016 жылғы 1-қарашадан Қазақстан азаматтарына жеке куәлігі бойынша кіруге рұқсат етілуіне байланысты, Қорғасқа Қазақстан тарабынан туристер көп бара бастады. Сонымен қатар, Қорғасқа кіріп шығу бекетінің жұмыс кестесі 7:00 ден 19:00 сағатқа дейін болып өзгерді.
"Қорғас" ХШЫО"-ға осы өзгеріс енгізілгелі алты айда 426 мың адам кірсе, бұл алдыңғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 154 мың адамға жоғары көрсеткіш. Соңғы кезде туристердің пойызбен ағылуы құжаттандыру, кедендік тексеру, багаж беру қызметіне салмақты өсірді.