Жоғарғы сотта "Қазақстанда қылмыстық сот төрелігінің сапасын жетілдірудің өзекті мәселелері" тақырыбында "дөңгелек үстел" өтті. Іс-шараны Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин жүргізді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Абай Рахметулин "Қылмыстық іс қозғалса, демек кінәлісің" деген принцип бойынша сот төрелігінің айыптау бағыты әлі күнге дейін жойылмай отырғандығын айтты. Статистикаға сүйенсек, өңірлерде әлі күнге дейін негізсіз қылмыстық жауаптылыққа тарту фактілеріне жол беріледі.
Ол сот процесінде айыптаушылық бағытты төмендету бойынша бес негізгі басымдықты атап көрсетті:
Біріншісі. Сотқа істің тергеу және прокуратура органдары, яғни айыптаушылар тарапынан түсу практикасы. Осылайша, судьяның әуел бастан көзқарасы "сотталушының кінәлілігі" тұрғысынан қалыптасады.
Осы тұрғыда кейбір мемлекеттердің тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Мәселен, Эстонияда прокурор сотқа тек қана айыптау актісін, ал адвокат "қорғау актісін" жолдайды. Әрі қарай сот процесі барысында уәждер мен дәлелдерді өзара алмасу жүреді. Бұл қылмыстық процестегі тараптардың шынайы жарыспалылығын қамтамасыз етеді. Бұл тәсілді Қазақстан жағдайында қолдану үшін қосымша зерделеу қажет.
Екіншісі. Азаматтардың құқықтарын, әсіресе сотқа дейінгі кезеңде қамтамасыз ету бойынша тергеу судьяларының жұмысын жетілдіру. Мұнда соттар қылмыстық процеске тартылған тұлғалардың құқықтыран бұзудың әрбір фактісі бойынша қағидатты ұстанымда болуы тиіс.
Үшіншісі. Алқабилер сотының соттылығын айтарлықтай кеңейту. Алқабилер сотының соттылығын толығымен аса ауыр қылмыстар санатына жатқызу ұсынылады.
Төртіншісі. Істі қарау барысында соңғы сот актісін шығарғанға дейін соттың сотқа дейінгі іс жүргізу және прокуратура органдарымен процестен тыс кез келген байланыстарына жол бермеу.
Бесіншісі. Нақты сот істері бойынша БАҚ арқылы қоғамдық пікірді әдейі өзгертуге жол бермеу.
Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы "дөңгелек үстел" шеңберінде көтеріліп отырған әрбір мәселе бойынша сарапшылық әрі нақты талқылаулардың жоспарланғанын айтты. "Бізге сот төрелігін жүзеге асырудың түйіткілді мәслелері белгілі, біз оларды шешу үшін өз алаңымызды ұсынамыз", - деді ол.
Осы мақсатта пікір алмасу сот процесінің барлық мүдделі қатысушыларының ұстанымдары ескеріле отырып, жүргізілетін болады. Бұл тәсілдің нәтижесінде көтеріліп отырған мәселелердің барлық қырларын қамтитын барынша дұрыс шешім қабылданатын болады.