ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жыл сайын өтетін "Мерейлi отбасы" ұлттық конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Іс-шараны ашқан мемлекеттік хатшы әрі ҚР президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы рәсімге қатысушыларға Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Онда отбасы институтын нығайту тәуелсіздік жылдары мемлекетіміздің әлеуметтік саясатына айналғаны айтылған. Бұл бағытта маңызды шешімдер қабылданды. Елімізде жыл сайын Отбасы күні мейрамын атап өту мақсатымен "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" сияқты жалпыұлттық жобалар қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға, отбасыға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.
Салтанатты іс-шара аясында мемлекеттік хатшы ақтық кезеңге өткен әрбір отбасыға диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырды.
Конкурстың соңғы кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаз отбасы 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында өткен sms/интернет арқылы дауыс беру нәтижесінде анықталды. Жамбыл облысынан қатысқан Ниязқұловтар әулеті "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсының 2018 жылғы лауреаты атанды. Отағасы Ниязқұлов Үмен (83 жаста) 40 жылдан астам уақыт ауыл мектебінде мұғалім, директор қызметтерін атқарған. Зайыбы Ниязқұлова Баян (80 жаста) 26 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Аға буынның педагогикалық қызметін балалары мен немерелері жалғастыруда. Әулеттің 3 буынының жалпы педагогикалық өтілі – 198 жыл. Ерлі-зайыптылар 62 жыл бірге өмір сүріп келеді, 12 бала, 32 немере, 20 шөбере тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Г.Әбдіқалықова жеңімпаз отбасыға салтанатты түрде естелік мүсінше мен автокөлік кілтін табыс етті.
Марапаттау рәсімі қазақстандық танымал эстрада әртістерінің мерекелік концертімен аяқталды.